Павлодардың дәл іргесіндегі Ленин кентінің тұрғындары ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардың дәл іргесіндегі Ленин кентінің тұрғындары ауыз суға зәру

05.08.2019

Павлодардың дәл іргесіндегі Ленин кенті тұрғындары ауыз суға зәру.  Қызығы сол, 2016 жылы  Республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлініп, ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылды.  Ол өткен жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Бірақ суға қарық болған ешкім жоқ.

Ауыл тұрғындары су үшін осылай кезекке тұрады. Өйтпеске амал жоқ.  Бір кездері  кентте   бес бірдей модульді су тазалағыш қондырғы  болды.  Екеуі жабылды.  Қалғандарында  адамдар күндіз- түні кезек күтеді. Ауылда  10 мыңнан аса адам тұрады.

 

Тұрсын Тлеубаев, Ленин кентінің тұрғыны:

Мына КБМ-мен күн көріп отырмыз. 2-3 рет барып отырмыз. Шелекпен тасимыз. Күнкөріс керек.

Өткен жылы ғана ауылға 60 шақырым құбыр тартылып,  орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Модульді су тазалағыш қондырғылардың алынып жатқаны содан. Бірақ жеке қаржысын төлеп, құбырды үйге дейін кіргізіп алған тұрғындардың өзі суды сағаттап күтеді.

 

Динара Абуова, Ленин кентінің тұрғыны:

Міне қараныз, су тамшылап ағады. Біз Ермаков көшесінде тұрамыз. Бізге су әрең жетеді. Үш баланың анасымын. Мен осы суды істету үшін 120 мыңнан аса ақша төледім. Ондай судың керегі не бізге? Мен оданда суды солай тасушы едім.

Ал түнгі уақытта су мүлдем болмайды.  Тұрғындар аң-таң.

 

Еркін Сайділдин, Ленин кентінің тұрғыны:

Сағат 10:-ден кейін өшіп қалады. Су мүлдем болмай қалады. Сосын әлгі бұрынғы замандағы су жоқ кездегі сияқты ыдыс-аяқты толтырып запас дайындап қоямыз. Суды бере алмаса, жұмыс істей алмаса, бюджеттің ақшасын неге шашады?

Бір жыл бойы әкімшілік табалдырығын тоздырған тұрғындар осы мәселеге қатысты белсенді топ құрды. Неліктен судың келмей тұрғанын  өздерінше зерттеп жатыр.

 

Сейілхан Сейсенбаев, Ленин кентінің тұрғыны:

Кестемен жібереді. 1-2 сағат. Сосын жабады да Айнакөлге жібереді. Айнакөлді жапса бізге жібереді. Бір жыл болып қалды ендігі.

Яғни жобадағыдан тыс Айнакөл, Сынтас ауылдары кенттегі құбыр жүйесіне қосылған. Қысымның төмен болуы содан. Тағы  бір айта кетері кенттегі 2400-ге жуық үйдің жартысы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

 

Татьяна Зинченко, Ленин кенті әкімінің орынбасары:

Тұрғындар суды тегін алып жатыр. Себебі орталық құбыр әзірге балансқа тапсырылған жоқ. Құрылыс бөлімінен қаланың  коммуналдық шаруашылығы  қабылдап алған соң, есептегіштер орнатылып, тариф белгіленеді. Содан кейін тұрғындармен келісім-шарт жасалады. Сол кезде су тоқтаусыз беріледі деп ойлаймыз.

Бұл да күмәнді. Мәселен, екі жыл бұрын ғана салынған, Ертіс ауданының 17 елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етуі  тиіс  Беловод топтық су құбыры қазір тоқтап тұр.  Бұрынғы сумен қамту кәсіпорыны қайта іске қосылып, халық ауыз суды содан алады.

 

Болат Аманбаев, тілші:

Себебі жаңадан салынған орталықтандырылған су жүйесінің тарифі өте қымбат. Ауыз судың әр текше метрі 381 теңге. Бұл облыс орталығындағы тарифтен 10 есеге көп. Әрине, ондай қымбат суды тұтынудан ауыл халқы бас тартты. Бұндай жағдай  Ленин кентінде де орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан мәселенің оң шешілуі алдымен  тариф көлеміне байланысты болмақ. 

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу