Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңге өтемақы беру үшін банк карточкасы таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңге өтемақы беру үшін банк карточкасы таратылды

05.08.2019

100 мың теңге өтемақы алу үшін Арыс тұрғындарына банк карталары таратылып жатыр. Оның ішінде әзірге ақша жоқ.  Өтемақы сол карталарға 12 тамыздан бастап түсе бастайды. Ал қалада құрылыс қайнап жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы өткен айдан бері Арыста жүргені белгілі.

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Бүгін Арыстағы әр сектордың басты кеңсесінің алды осылай. Ығы-жығы халық. Бәрі 100 мың теңге алуға арналған банк картасын алуға асық. Өтемақы алудың басты құралы болған соң, жұрт тапжылмай күтуге бар.

Абай Молдабековтың отбасында бес жан бар. Бүгін олар тайлы-тұяғымен қалмай алтыншы сектордың штабына келді. Үйінің бес адамына бес жүз мың тигелі тұр. «Етек- жеңіміз жиылып, еңсеміз көтеріліп қалатын болды»,- дейді.

 

Абай Молдабеков, Арыс тұрғыны:

  100 мың теңгенің картасын алып ырза боп бара жатырмыз. Рақмет үкіметке, халыққа! Шығындар бар. Оның бәрі орындалып жатыр. Жәй-жәй қалпына келіп жатыр.

Арыстағы ағайынға арналып, 1 айда 33 мың банк картасы әзірленген. «Бұл тарихта болмаған жағдай»,- дейді атқарушы билік өкілдері. Айта кету керек, өтемақыны тек тіркелген тұрғындар алады. Сол күні қонаққа, іс сапарға келгендер есепке алынбайды. Кейбір үйлердің есепке кірмей қалған кішкентай тұрғындары мектептер арқылы, анықталып тіркеуге алынады. Ал сот шешімімен есепшотына бұғау салынғандарға әкімдіктегілер басқа жол көрсетіп отыр.

 

Жолдымұрат Аманбаев, Облыс әкімінің орынбасары:

Ұлттық банктің базасы бар. Онда түрлі салық, кредит бойынша қарызы бар адамдар тізімі бар. Бүгінде 88 адам анықталды. Оларға біз айттық. Кәмелетке толған баска бір туысына сенімхат жазып соның шотына аударуға болады. Бірде-бір тиын басқа жаққа кетіп қалмау керек. Бәрі халыққа тиюі керек.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице министрі бір айдан бері Арыстан аттап шыққан жоқ. Күні- түні құрылыс басында. Әр сектордың жұмысын жіті қадағалап жүр. Айтуынша, осы аптада Қарағанды, Жамбыл, Ақмола облыстары өздеріне тиесілі секторлардағы жұмыстарын аяқтап қалуы мүмкін. Қалған сектордың жұмысы тамыздың соңына дейін тамамдалады.

 

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

Осыдан бір ай бұрын осы шағын ауданда бір сау үй қалмаған. Бүгін көз толатындай бітіп қалды. Халыққа айтарым. көп шыдадыңыздар,енді сәл шыдаңыздар. Ешкім бітірмей ешқайда кетпейді. Бәрін бітіріп береміз.

Бүгінде жарылыстан зақым келген 6636 жеке үйдің, 68 көппәтерлі үйдің 90 пайызы жөнделді. Үй иелерінің табылмауынан және кейбірінің келіспеуінен 121 үйді жөндеу кейінге қалдырылған. Ал жаңадан салынып жатқан 421 үйдің құрылысы қыркүйекке дейін бітеді.

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу