Шығыс Қазақстан облысының Ұрынқай ауылына мектеп керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысының Ұрынқай ауылына мектеп керек

30.07.2019

Шығыс Қазақстан облысының Ұрынқай ауылына мектеп керек. Жаңасын салуға мүмкіндік жоқ. Өйткені кезінде осы ауылға тиесілі 60 гектар аумақ орман қорына кіріп кеткен. Ал мұндай жерде құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Жалпы облыстың Күршім ауданындағы шағын елді мекендегі үйдің барлығы заңсыз салынған деп саналады. Соңғы жылдары осы мәселе бойынша құзырлы орындарға талай мәрте жазылған. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ.

Ұрынқай ауылындағы негізгі орта мектеп 1964 жылы ағаштан салынған. 5 жыл бұрын білім мекемесі апаттық жағдайда деп танылып, оны жабу туралы сот шешімі шыққан. Бірақ мектеп басшылығы жыл сайын жоғарғы жаққа жалынып, жалбарынып, 80-ге жуық баланы осы жерде оқыта беруге рұқсат алып жүр.  

 

Бауыржан Әміренов, Урунхайка орта мектебінің директоры:

Туристер, басқа облыстардан қонақтар келеді. Бәрі таң қалады, «қалай оқып жүрсіңдер» дейді. Онда тұрған ештеме жоқ. Қайтеміз енді? Бәрібір оқытып, толық білім беруге тырысамыз.

 

Берік Көшербай, тілші:

Бұл мектепте спортзал да жоқ. Сондықтан дене шынықтыру сабағы және ауыл мен мектептегі өзге де мәдени шаралар осы кішкентай дәлізде ұйымдастырылады. Шамамен 1 айдан соң кезекті оқу маусымы басталады. Яғни осымен 55 жыл қатарынан осы ескі ғимаратта мына қоңыраудың сыңғырлаған үні естіледі.

Жергілікті билік өкілдері ауылда жаңа мектеп салуға қарсы емес. Бірақ алдымен жерді орман қоры санатынан елді мекенге ауыстыру керек.

 

Самал Әлембаева, Күршім аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекші маман заңгері:

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысын қабылдау үшін жоба дайындалған. Энергетика министрлігі, Қаржы министрлігі, Әділет министрлігі және ШҚО әкімдігінен келісім алынды. Ұлттық экономика министрлігіне келісім алу үшін жолданған болатын.

Қазір Ұрынқай ауылында жаңа мектеп тұрмақ, тұрғын үй құрылысын да жүргізуге болмайды. Бұрын салынған баспаналардың да құжаты дұрыс емес.

 

Ермек Бағланұлы, Марқакөл орман шаруашылығы директорының міндетін атқарушы:

Орман Кодексінде жазылған, неге рұқсат бар, неге рұқсат жоқ екені. Негізі осы Урунхайка ауылын шығару керек мемлекеттік орман қорынан. Қазір үйлердің бәрі заңсыз тұр. Біз қағаздарды 2015 жылдан бастап жинадық, бірақ әлі шығарылған жоқ.

Ұрынқайға көрші ауылдың балалары да келіп білім алады. Олардың  барлығын басқа жаққа апарып оқыту мүмкін емес. Үлкен мектебі бар ең жақын ауылға жету үшін таулы жолмен 30 шақырым жүру керек. Ауылдың жер бойынша проблемасы шешілмесе, шекаралық аймақта адам қалмайды деген үлкен қауіп бар.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

Хабарламаларға жазылу