Алматыда заңсыз жүрген 800-ге жуық шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда заңсыз жүрген 800-ге жуық шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды

24.07.2019
Алматыда заңсыз жүрген 800-ге жуық шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды

Алматыда ешқандай құжаты жоқ, заңсыз жүрген 800-ге жуық шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды. Көші-қон басқармасының мамандары жүргізген 3 күндік тексерістің нәтижесінде оларға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Заң бұзушылардың арасында мигранттарды құжатсыз жұмысқа алған Қазақстан азаматтары да бар.

Қазақстанға нәпақа тауып, бала-шағамды асыраймын деп келген шетел азаматтары — осылар. Алматыда жұмыс істеп жүргендеріне 20 күннен асқан. Олар көбінесе құрылыс пен базарларда еңбек етеді. Алайда басым бөлігі заңсыз келген немесе куәліктерінің мерзімі өтіп кеткендер.

 

Махмут Шайназаров, Өзбекстан азаматы:

Құжаттар өзімде емес, барлығымыз басшымызға бердік. 20 күннен бері осы жерде құрылыста жұмыс істеп жүрміз. Қазақстанға ақша табу үшін келдім.

 

Қалдыбек Жолдасов, Қарақалпақстан азаматы:

-Жұмыс жасаймын деп келгем.

- Не жұмыс?

- Осындай, құрылыс. Құжат бар, тіркеуге бергем.

 

Жауапкершілікке тартылған 196 шетелдік еліне қайтарылды. Қалған 600-ге жуық азаматқа айыппұл салынды. Ал оларды заңсыз жұмысқа алған 170-ке жуық Қазақстан азаматы жазаға тартылды.

 

Асхат Бүтіншинов, Қалалық көші-қон басқармасының басшысы:

Негізінен осы барлық заң бұзушылар біздің көрші мемлекеттер дейміз, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты шетел азаматтары, Алматыға келіп жатқан. Тексерістер құрылыстан басқа, жеке тұлғалардың үйлерінде жұмыс істеп жатқан жеке дәмханаларда, кафе, ресторандарда дейміз, барлығы осындай кездерде тексеріліп, жауапқа тартылып жатыр.

 

Қазір ірі мегаполисте заңсыз мигранттарға қарсы тексеру жұмыстары күшейді. Сондықтан олардың саны әлі де көбеюі мүмкін. Айта кетейік, отандық туризмді дамыту үшін туристерге жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, Грузия, Украина мемлекеттерінен келгендерге 90 күнге дейін, ал Тәжістан, Өзбекстан азаматтарына 10 күнге дейін тіркелмей жүре берулеріне рұқсат берілген.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу