Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы әлі реттелген жоқ. Осыдан бес күн бұрын күшіне енуі тиіс болған құжат әлі қабылданбай жатыр. Ал осы препараттарды жеткізіп, нарықта сататын компаниялар мемлекет бекітетін шекті бағамен енді танысып үлгермейміз деп дабыл қағуда. Сонымен дәрі-дәрмек нарығында бірыңғай баға саясатының енгізілуіне не кедергі?
Дәрінің атауы, құрамы, сапасы бірдей болғанымен, құны әртүрлі. Елдегі дәріханаларда баға айырмашылығы екі-үш есе. Халықтың қалтасын қағып, бағаны негізсіз өсіріп отырғандарға қарсы Денсаулық сақтау министрлігі қатаң шараны қабылдаймыз деп бекінген болатын. Және 9 шілдеден бастап дәрі-дәрмек нарығындағы бағаны реттеуге бағытталған бұйрық күшіне енуі тиіс еді. Бірақ тиісті құжат әлі күнге дейін жоқ.
Руслан Сұлтанов «Қазақстанның фарммединдустриясы» қауымдастығының президенті:
Бұл жағдай нарыққа қатты әсер ететіні сөзсіз. 10 шілдеден бастап құжат күшіне енеді деді. Бірақ министрлік заңды бұзып отыр. Кәсіпкерлердің де кодексі аяққа тапталды. Бұйрық шыққан күннің өзінде біз онымен алдын ала танысып, соған сай сатылатын дәрілердің бағасын реттеуіміз керек қой. Ал енді ешқандай мүмкіндік жасалмай, тағы бізді қыспаққа алмақ.
Өйткені нарықтағы дәрі-дәрмектер бағасын министрліктің қалай белгілеп жатқанынан кәсіпкерлер бейхабар. «Егер өз құнын да ақтамайтын болса, фармацевтикалық компаниялар нарықтан кетуге мәжбүр болады»,- дейді. Әсіресе бұл шешім шетелдік компанияларға ықпалын тигізуі мүмкін. Ал біздің ел дәрі-дәрмек импортына тәуелді. Қазіргі таңда дәрілердің 85 пайызы шетелден әкелінеді. «Егер министрліктің бұйрығында тым төмен баға көрсетілсе, онда дәріханалардан импорттық дәрілер жоғалып, тұрғындар қажетті дәрілерін таппай қиналып қалады»,- дейді «ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті. Қазірдің өзінде Қазақстанда 8000-ға жуық препарат бар болса, өткен айда оның 30 пайызы тіркеуден өтпеген.
Руслан Сұлтанов «Қазақстанның фарммединдустриясы» қауымдастығының президенті:
Бірінші кезекте пациент зардап шегеді. Өйткені дәріханаларда қажетті дәрілер сатылмауы мүмкін. Шетелдік сапалы брендтік препараттар ұсынып отырғандар да мұндай жағдайда қызметін жалғастырмайды. Өйткені ешкім шығынға жұмыс істемейтіні белгілі.
Ал құзырлы орган тиісті бұйрық мақұлдануға берілгенін айтады. Құжатты жақын күндері Әділет министрлігі бекітіп беруі тиіс. Ал кәсіпкерлерге алаңдауға еш негіз жоқ дейді. Министрліктің бұл құжатты қабылдамастан бұрын саладағы халықаралық тәжірибеге сүйеніп, 16 елдің дәрі-дәрмек нарығындағы бағаны қалыптастыру саясатын зерттеген. Онда барлық тараптың, яғни өндірушінің де, жеткізушінің де мүдделері ескерілген. Демек фармкопмпаниялар банкротқа ұшырап, нарықтан кетеді деуге болмайды. Ал әзірге жүйеге бейімделгенше ешкімге бірден жаза қолданып, айыппұл салынбайды.
Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ Фармация комитеті төрағасының орынбасары:
Қазір бұйрық бекітілгеннен кейін түсіндіру жұмыстары ассоцияцияларға жіберіп, БАҚ арқылы таныстырып өтеміз. Олар мұнымен танысады. Әлі мониторинг жүргіземіз. Бірден ала салып, айыппұл салып, шара көреміз деген ойымызда жоқ.
Қалай дегенмен, құқықтық құжат күшіне енген соң елде дәрі-дәрмектің бағасы түседі. Сол себептен жаңа талап халыққа тиімді болмаса, залалы болмайды. «Кәсіпкерлер де қысым көрмейді»,- деп сендірді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ