Ғылым мен білім саласын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғылым мен білім саласын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданады

16.07.2019

Ғылым мен білім саласын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Жаңа құжатта білім мен ғылымды қаржыландыру көлемі артып, ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтықты азайтуға басымдық беріледі. Сондай-ақ бұрыннан шешілмей келе жатқан 3 ауысымды және апатты мектептер мәселесі жабылуы керек. Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында Президент Үкімет пен құзырлы министрлікке осындай тапсырма жүктеді. Әсіресе ғылым саласына көп көңіл бөлінбек.

Білім мен ғылым саласын дамытудың қазір қолданыстағы бағдарламасының мерзімі бітуге жақын. Оның аясында білім берудің стандарты мен мазмұны жаңарды. Алайда шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Олар саланы дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында шешілуі керек.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Ғылым саласына бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызын ғана құрайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш бес пайызға дейін жетеді. Бөлінген қаржыны тиімді игеру жағы да ақсап тұр. Сарапшылар ғылым саласына  ішкі жалпы өнімнің кемінде 1,5 пайызын бөлмей оны дамыту мүмкін емес деп отыр. Сондықтан да Үкімет  бұл салаларға қаржыландыруды 5 пайызға дейін көбейту керек. Бұл жұмыс жаңа бағдарамада ескерілсін.

 

Мемлекеттік бағдарлама балабақшадан ғылыми зерттеу институттарына дейінгі саланы қамтитын ауқымды құжат. Сондықтан оны кеңінен талқылау маңызды. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін, сала мамандарын жұмылдыру міндетті. Министрлік жобалық кеңсе ашып, құжатты жасақтауға кірісіп кетті.

 

Асхат Аймағанбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

 

Бұл кеңседе заңгерлер отырады. Олар барлық құжаттарды талқылап, құқықтық базаны нығайтуға атсалысады. Жобалық кеңсені жеке жоғары оқу орны базасында ашуымызда үлкен мән бар. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тартуға мүдделіміз.

 

Бағдарламаның басты мақсаты — ұстаздарды  білім саласының сапысын арттыру, ондағы қызметкерлердің қоғамдағы рөлін күшейту. Президент бұл құжатты күтпестен жыл соңына дейін «Ұстаз мәртебесі туралы» заңды қабылдауды тапсырды.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

 

Хабарламаларға жазылу