Қарқаралы ауданында мыс кеніші ашылуы мүмкін

12.07.2019

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында жаңа мыс кеніші ашылуы мүмкін. Мамандар учаскеде орташа дәрежелі мыс қоры көп шоғырланғанын анықтады.  Ал оның жалпы көлемі ертеде жасалған болжамнан да асып кетуі мүмкін. Қазір мамандар геофизикалық зерттеудің елімізде бұрын-соңды болмаған технологияларын қолдана отырып барлау жұмыстарын жүргізуде.

 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

 

Бүркітті ауылынан 20 шақырым қашықтықтағы бұл аумақта өткен ғасырдың 60-шы жылдары геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген. Соның қорытындысы бойынша, 400 мың тонна кен қоры анықталған. Бүгінде мамандар әлемнің озық технологиясымен мұнда қайта зерттеу жүргізуде. Мақсат мұнда кен қорының бір миллион тоннасы бар екенін дәлелдеу.

 

Жүргізіліп жатқан геофизикалық барлау жұмыстары бұрыңғыдан өзгерек. Айталық  мыс кен орнын іздестіру үшін әуеден аэромагниттік түсірілімдер жасау технологиясы қолданылып отыр. Ұшу аппараттарының көмегімен жер бедерін бағдарлау жылдам. Мәселен, бұрын мұндай жұмыстарды атқару үшін  бір бригада күніне 20 шақырым жерді жүріп өтетін. Ал бұл қашықтықты әуеден 1 сағатта-ақ еңсеруге болады.

 

Ғалым Нұржанов, Геологиялық барлау компаниясының бас директоры:

 

Қазір мысалы, квадракоптермен, пилотсыз ұшақтармен 1 айдың ішінде магниттеуді, электробарлау жұмыстарын бітіріп тастауға болады. Сосын ары қарай 10 күн ішінде сараптамасы жасалады. Сосын біздің бұрғылаушы бригадаларымызға нүктелерін белгілеп береді, қай жерде ұңғымаларын жасайтынын. Сонда қарап тұрсаңыздар, 40 күннің ішінде біз біраз жұмыстарды жасап тастаймыз.

 

Қазір мамандар жерүсті электрлік барлау жұмыстарын әлемнің озық үштігіне кіретін Канадалық компанияның технологиясы бойынша жүзеге асыруда.  Геофизикалық қондырғылар бұрын-соңды 400 метр тереңдікке дейінгі кенді анықтаса, қазіргі заманауи нұсқалары  700-800 метрге дейін сараптама жасап береді. Кен шоғырланған аумақтың құрылымын, оның неше градуста жатқанын, бұрғылауды жүргізудің тиімді тұстарын нақты білуге көмектеседі. Бүгінде елімізде мұндай геофизикалық жұмыстарды отандық кішігірім компаниялар атқаруда.

 

Алмас Айдаров, Облыс әкімінің орынбасары:

 

Тек қана мемлекет, үлкен компаниялар ғана  жасамайды. Қазір осындай кішігірім компаниялардың заманы. Ал олардың серіктестері шетелдік мықты үлкен компаниялар. Десе де олардан тек технологиясын ғана меңгереміз. Адамдар, жұмысшылар өзіміздікі. Мынау Қарағандының, Алматының политехын бітірген жас мамандар.

 

Бүгінде облыс төңірегінде осындай ірілі-ұсақты компаниялардың қатысуымен 50 астам жоба қолға алынған. Солардың қатарына жататын қойнауы қазынаға толы бұл аумақ арнайы зерттеліп отыр.   Егер  миллион тонна кен қоры анықталса ашық әдіспен мыс өніду кәсіпорыны ашылады. «Бұл іргедегі Қарағайлы кен байыту комбинатының екінші тынысын ашады»,-дейді мамандар.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу