Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы аналарға баспана берілді

11.07.2019

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында 230 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде тапсыру шарасы аймақтың барлық ауданында өтті. Мысалы, Ұлан ауданында бүгін бірден 23 көпбалалы жанұя қуанышқа кенелді.

Соңғы 2-3 айда Ұлан ауданында 6 көпбалалы отбасы жомарт жандардың арқасында баспаналы болған. Бүгін тағы 23 жанұя осындай қуанышқа кенелді. Оларға үй алып беру үшін облыстық «Парыз» қорынан 73 миллион теңге бөлінген.

Салтанатты түрде өз үйінің кілтін алған көпбалалы ананың бірі Зүлфия Букеева. 6 бала өсіріп отырған отбасы Сағыр ауылында өздері ұнатқан баспанаға қол жеткізді.

 

Зүлфия Букеева, көпбалалы ана:

 

Міне, осы үйді алдық. Бәрімізге ұнады, балаларымызға ұнады. Балалар бәрі мәз болды осы үйге.

 

Шығыс Қазақстандағы көпбалалы отбасылардың баспанамен қамту мәселесі қоғамдық комиссияның жіті бақылауында. Аймақтағы 88 ауылдық округ пен 4 аудан орталығында арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрмысқа жайлы үй таңдауға көмектесті. Көпбалалы жанұяларға баспанадан бөлек те жан-жақты қамқорлық көрсетіліп жатыр.

 

Нұрымбет Сақтағанов, Ұлан ауданының әкімі:

 

Көпбалалы аналардың балалары балабақшаға тегін баратын болады. Мектеп жасындағы балалар ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіліп, мектеп оқу формалары оларға тегін беріледі. Бұның барлығына облыстан тиісті қаражат қарастырылған.

 

Жақын арада Шығыс Қазақстанда көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жобасының екінші кезеңі басталады. Қазірдің өзінде үй кезегінде аудан орталықтарынан 300 жанұя тұр.  Олардың баспана мәселесін  «Бақытты отбасы» ипетокалық бағдарламасы арқылы шешу жоспарланып отыр.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу