Шығыс Қазақстандағы Шар қаласының тұрғындары талай мемлекеттік жеңілдіктен қағылып отыр. «Қала» аталғанмен 8 мың ғана тұрғыны бар болғандықтан ауылмен тең. Алайда шаһар мәртебесі болғандықтан ауылды жерлерге арналған түрлі бағдарламалардан құр қалады. Соның салдарынан онда жас мамандар бармайды, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жобаларға да жол жабық. Шардың маңындағы шағын ауылдардың да ахуалы мәз емес.
«Шар қаласының мәселелерін шешу керек»,– деп Мейрамгүл Қапарова бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан белсенділердің бірі. Алайда жергілікті биліктің атқарған ісіне көңілі толмайды. «Қазір қаладағы жастардың арасында қылмыс көп, маңындағы ауылдарда ұрлық тиылмай тұр»,-дейді ол.
Мейрамгүл Қапарова, зейнеткер:
Жастарға баратын спорттық кешен керек. Денсаулық дейміз, тәрбие дейміз. Орталықта бір спроттық салынса деп ойлаймыз. Баратын жері жоқ. Жастарда қылмыс әлі азаймай тұр. Бұл жаққа жастар жұмысқа келмейді. Өйткені үй жоқ. Шар қаласы «қала» болып есептелгеннен кейін, бұл жаққа ауылға берілетін ешқандай жеңілдіктер жоқ
Жерлікті билікке талайдан сөзін өткізе алмай жүрген жұрт, мәселенің барлығын Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен өткен жиында жылап тұрып, жайып салды. Депутат «Шар халқының өтініштерін жеделдетіп шешуге ықпал етеміз»,- дейді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Маңызды мәселелелерді халықпен бірігіп шешуге мүмкіндік алып жатырмыз. Осы мүмкіндікті шағын қала әкімдері халықпен бірлесе отырып, халықтың айтқан ұсыстарын орындай отырып, жаңағы маңызды мәселелерді шешуге атсалысуы керек.
Нұртай Сабильянов 10 күн бойы Шығыс Қазақстандағы 3 ауданда 25 елді мекенді аралап, халықпен кездеспек. Осындай кездесудің бірі 200-ге тарта халқы бар Көшек ауылында да өтті. Мұнда да шешімін таппаған мәселе көп.
Ержан Жақы, тілші:
Мынау Көшек ауылының орта мектебі. Әбден тозығы жеткен ғимараттың қазір едені мен төбесі шіріп тұр. Қабырғасы қамыстан көрінеді. Ал мына мектепке дейінгі білім алатын шағын орталықта Кеңес заманынан бері қалған ескі қолжуғыш әлі қолданыста тұр.
Білім ошағының басшылығы болса талапқа сай келмесе де өз мектептерінің мәселесін қатты ашып айтқысы келмейді. «Кемшіліктен гөрі жетістігіміз көп»,- дейді.
Гүлбаршын Жолдыбалинова, мектеп директорының міндетін атқарушы:
Қаладан айырмашылығы жоқ. IT сынып бар бізде. Робототехника кабинеті бар. Ғимаратқа қатысты мәселе бар.
Мәжіліс депутаты шығыстағы осы сынды шағын ауылдардың мәселелеріне мән беру керек дейді. Сондықтан өңірдегі халық саны аз елді-мекендерді арнайы араламақ. «Аудан мен ауыл аралық жолдар, әлеуметтік нысандардың жағдайы да назардан тыс қалмайды»,- деп отыр.
Ержан ЖАҚЫП