Қазақстан Үкіметі мен шет елдік кәсіпкерлер инвестициялық құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Үкіметі мен шет елдік кәсіпкерлер инвестициялық құжатқа қол қойды

10.07.2019

Алдағы уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артады. Себебі қазақ жерінде суармалы жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тың технологиялар енгізіліп, заманауи құрал-жабдықтар шығарылмақ. Қондырғыларды өндіретін алып зауытты әлемге әйгілі Американың Valmont Industries компаниясы салады. Бүгін Қазақстан Үкіметі мен шет елдік кәсіпкерлер инвестициялық ынтымақты жүзеге асыру туралы құжатқа қол қойды. Оған Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты.

Иә, бұл тараптардың бірге жұмыс істеуге келісіп, қол алысқан сәті. Жаһандық нарықта өз орны бар Американың алып компаниясы, Қазақстанда жерді тамшылап суарудың соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салмақ.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бұл зауыттың шығару мүмкіншілігі 1000 машинаға дейін болады. Зауыттың жұмысы 2 жылдың ішінде басталады. Осы зауыттан шыққан өнімнің 65 пайызы өзіміздің қазақстандық өнім болады.

Қазір Қазақстанда 1 миллион 400 мың гектар суармалы жер бар. 2027 жылға дейін оның көлемі 3 миллион гектарға жетпек. Ал суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Сөйтіп, алдағы 10 жылда еліміз Қытай, Үндістан сияқты алып нарықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді деген болжам бар.

Еркін Тәтішев, «KUSTO Group» директорлар кеңесінің төрағасы:

20 миллион гектар жердің небәрі 3,5 миллион гетары жылына 25 миллиард доллардың өнімін береді. Қазір Қазақстанда 200 миллион гектардан көп жер бар. Біз әзір тек 10 миллиардтық өнімді өнідіріп отырмыз. Мүмкіндігіміз бен әлеуетімізді дұрыс пайдалансақ, алдағы 10-15 жылда Қазақстан жылына 200 миллиард доллардың өнімін шығаратын болады.

Стив Каневски, «Valmont Industries» компаниясының президенті:

Қазақстан үлкен нарықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін Орталық Азиядағы көшбасшы болатынына сенеміз. Оған мүмкіндігі мен әлеуеті зор. Оны біз ЭКСПО-ға келгенде байқадық. Сол кезде біз жоспар құрып, Сіздердің тараптармен сөйлесе бастадық. Компаниямыздың нарықта жүргеніне — 73 жыл. Біз тек Америкада ғана емес, Қытай, Бразилия, Оңтүстік Африка, Автстралия сынды елдерде жұмыс істейміз.

Жер-жаһандағы алдыңғы қатарлы агроелдер қолданатын қондырғылар, суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни керек жерге ғана сеуіп, оңды-солды төгуден сақтайды. Бұл – суға қат Оңтүстік өңір үшін үлкен көмек болмақ. Айта кетейік, зауыт құрылысы еліміздің Солтүстік өңірінде бой көтеруі ықтимал. Ірі жобаның құны – 50 миллион АҚШ доллары.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу