Президенттің ЖОО мен колледждердің білім сапасына қатысты айтылған сөзіне баспасөз хатшысы Берік Уәли түсінік жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің ЖОО мен колледждердің білім сапасына қатысты айтылған сөзіне баспасөз хатшысы Берік Уәли түсінік жасады

05.07.2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында білім сапасын арттыруға бағытталған шаралар туралы айтты. Президент «білім саласындағы ілгерілеуге қарамастан, жұмыс берушілердің көпшілігі Жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірушілердің білім сапасына көңілдері толмайды,-деді.

Әсіресе, кәсіби білім беру саласын жаңғырту керек екеніне тоқталды. Осыған қатысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Президент «Жуық арадағы 3 жылда 180 колледж және алдыңғы қатарлы 20 Жоғары оқу орны құрылады», – деді. Бұл жерде бір мәселені ескерген жөн. Жоғары оқу орындары мен колледждер жаңадан ашылмайды».

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «Жас маман» жобасы аясында елдегі бар 20 Жоғары оқу орны мен 180 колледж іріктеп алынып, жаңартылады, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Оларды модернизациялауға алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 58 миллиард теңге бөлінеді. «Жас маман» жобасының басты мақсаты – индустриалды және қызмет көрсету салаларындағы ең сұранысқа ие 100 мамандық бойынша маман даярлау. Оқу орындары халықаралық салалық аккредитациядан өтеді. «Бастысы – шетелдік әріптестерімізді тарта отырып, білім беру бағдарламаларын модернизациялау, едәуір жаңарту», – деді Президент. Сондай-ақ, бұл жастарды қолдауға және білім саласын жаңғыртуға бағытталған аса маңызды жоба екенін айтты.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу