Арыс тұрғындарына төленетін 100 мың теңгені алудың жолдары түсіндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыс тұрғындарына төленетін 100 мың теңгені алудың жолдары түсіндірілді

04.07.2019

17- секторға бөлінген Арыстағы әр штабқа жергілікті тұрғындар тартылуда. Яғни, әрбір 10 үйден бір-бір белсенді адам тағайындалады. Билік пен бұқараның арасына дәнекер болатын олар —  өз ортасына сыйлы, беделді болуы керек. Олар ерікті ретінде әр істің басы-қасында жүреді. Жөндеу жұмыстарын үйлестіруге  және гуманитарлық көмекті дұрыс үлестіруге атсалысады. Мысалы, 6-секторға жауапты Созақ  ауданының штабы - әр 10 үйден сайланып шыққан 20 азаматты жиып, дәріс өткізді. Енді олар өздері бекітілген үйлерге барып, тұрғындарға берілетін 100 мың теңге мен  материалдық шығындарды төлеу тәртібін түсіндіреді. Бүгін аталған төлемді алу үшін құжат қабылдау басталып кетті.  

 

Бекзат Әлмағамбет, Созақ ауданы әкімінің орынбасары:

 

Инструктаж жүргізіп, қолына қандай құжаттар қажет екенін беріп, көбейтіп, әр үйге бердік. Сол азаматтардан бүгін құжаттар қабылдаудамыз. Қазіргі таңда елу шақты адамның құжаты қабылданды.

 

Айта кетейік апаттан зардап шеккен Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төленеді. Бұған дейін 44781 адамға беріледі деген ақпарат тараған. Алайда облыс әкімі Арыс іргесіндегі ауылды аралап көріп, Ақдала, Ақжол, Дермене елдімекендері тұрғындарына да өтемақы төлеу туралы шешім шығарды. Ал аталған ауылдарда 10 мыңнан астам адам тұрады.

 

Жолдымұрат Аманбаев, Облыс әкімінің орынбасары:

 

Барлығы 55 839 адам боп тұр. 10 мыңнан санағанда 5 миллиард 538 миллион  900 мың теңге болады. 3 миллиардты республика бөледі. 1 миллиард облыстық бюджеттен қалған 1 миллиардтан астам ақшаны жиналған қордан төлейміз. Ол үшін не істейміз? Судың да сұрауы бар. Алдымен анықтап алуымыз керек. Шынымен, сол адам, сол жақта тұрады ма?

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу