Арыстық 100-ден аса бала жазғы демалысын Жамбыл облысында өткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстық 100-ден аса бала жазғы демалысын Жамбыл облысында өткізеді

03.07.2019

Арыстан жүзден аса бала Жамбыл облысындағы жазғы лагерлерге келді. Балғындардың алаңсыз тынығуы үшін өңірде үш сауықтыру лагерлері әзірленді. Балалар мұнда бір ай бойы демалады. «Арыстағы апаттан кейін таза ауа мен жайдары көңіл-күй балаларға оң әсер етеді»,- дейді мамандар.

Аптап ыстықтан шаршаған балалар тәтті балмұздақтарды көргенде жадырап сала берді. Марғұлан Ерубай лагерьге жолы түскеніне өте қуанышты. Жарылыс болған күні ол ата-анасымен бірге бас сауғалап аман қалған. Кейін  Шымкенттегі эвакуациялық орталыққа келіп жайғасқан. Қиын күндерді  артқа тастаған Марғұлан бір ай демалыстың өзіне оң әсер ететініне сенімді.

Марғұлан Ерубай, оқушы:

Егер де бір адамдар лагерьге бірінші рет барайын деп жатса тілектерін айтып бару керек екен. Мен осы қалаға келгенеме қуаныштымын. Ол қала күшті, жап- жасыл талдар, осы лагерьге барғаныма өте-өте қуаныштымын.

Балалардың көпшілігі «Болашақ» балалар демалыс орталығына келген. Жаңа маусымда  есігін айқара ашқан лагерьде арыстық балалармен бірге жергілікті балдырғандар да демалып жатыр. Мұнда балаларға қажетті бар жағдай жасалған.

Рахия Тұрмаханбетова, облыстық Білім басқармасының бастығы:

Қосымша білім беру мекемелерінде арнайы бағдарлама дайындап отыр. Бұдан басқа бір ай бойы демалатын болады. Бір айдың көлемінде есте қалатындай болуы үшін әртүрлі бағдарламасын қарап отырмыз. Спектакль, түрлі ойындарға назар аударып отыратын боламыз. Күнделікті бұл кісілер, қамқорлықта және бақылауда болатын болады.

9- шілдеде Арыс қаласынан  келген  балалардың тағы бір легі лагерьге қабылданбақ. Қазір жеткіншектердің  тізімі дайындалып,  ата-аналармен келіссөздер жүріп жатыр.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Балалар бір ай бойы тұмса табиғатта серуендеп, мерекелік кештерде өнер көрсетіп, Таудың таза ауасында тәтті ұйқыға батып, асыр салып, спорттық ойындардан сайысқа түседі. Мұндай жазғы демалыс балалардың көңіліне қуаныш ұялататыны анық.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу