Балқаш қаласының тұрғындары көк түтіннен көз ашпай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш қаласының тұрғындары көк түтіннен көз ашпай отыр

01.07.2019

Себебі 2005 жылы пайдалануға берілген қоқыс полигоны әбден толып, қаңғыбастардың мекеніне айналған. Олар көбіне металл іздеп жал-жал болған тұрмыстық қалдықты өртейді. Жалпы полигонның тұрған жері, оны пайдаланудың қазіргі сипаты экологиялық талаптарға мүлде сәйкес емес. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтады.

8 гектардан астам алқапты алып жатқан мына қоқыс полигоны Балқаштан небәрі 6 шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Жел терісінен соққан кезде шаһардың шеткі көшелерін түтін басып кетеді. Тұрғындар жергілікті билікке сан мәрте шағымданған. Мәселе түбегейлі шешілуі үшін қалаға жаңа қоқыс полигонын салу керек.

Қазір бұл аумақтағы 750 мың тонна қоқыстың қожайыны үйсіз-күйсіз жүрген

мынадай беймәлім адамдар. Олар қаңылтыр қалбырлар, басқа да металл түрлерін жинайды. Ал астында қалғанын алу үшін оларға қоқысты қопарғаннан көрі өртей салған оңай.

Марат Ақберліұлы, қала тұрғыны:

Бұрын тексеріп отыратын анау өрт бірдеңе болса сөндіріп тастайтын. Ал мынау ақырғы жылдары жағып тастайды да бітті. Күні-түні тереземізді ешқашан аша алмаймыз. Көк түтін, жалғыз қағаз болса бір жөн ғой, онда пластик бөһтелкелер барын білеміз ғой.

Сандуғаш Қасымбекова, қала тұрғыны:

Жел мына батыс жақтан соғылса осы ауланың барлығын алып кетеді. Кешке жақын терезе ашуға мүмкін емес. Бала-шағаны қамап үйде отырамыз. Түтіннің иісі адамның кеудесін алып қалады. Мен мысалы үшінші группа мүгедекпін. Ол кезде шықпаймын далаға.

Жол болып үйілген қоқыстан , одан шығатын түтіннен арылу үшін қаладан 16 шақырым қашықтықта жаңа полигон салынбақ. Жалпы аумағы 20 гектар жерде қоқысты сұрыптайтын цех та жұмыс істейтін болады.

Болат Асылбеков, ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Жаңа полигон үшін арнайы жер бөлініп, құжаттары рәсімделді. Экологиялық талаптарға сәйкес жаңа заңдық өзгерістер еңгізілуіне байланысты жеке кәсіпкермен арада шығарылған қоқысты сұрыптау, өңдеу қызметі бойынша келісім-шарт жасалды. Бұдан бөлек ескі полигондағы қоқысты кәдеге жарату үшін тағы екі кәсіпкер жұмыс орындарын ашады. Яғни сырттан бөтен ешкім кірмейді, қазіргідей жақпайды.

Қазір кәсіпкерлер өздерінің бизнес жобаларын дайындап қойған. Жерлері белгіленді. Жобаны жүзеге асырған кезде қоқыс полигондарының жұмысы реттеледі.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу