«Ұлы даланың құндылықтары» атты фестиваль өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы даланың құндылықтары» атты фестиваль өтті

27.06.2019

«Ұлы даланың құндылықтары». Еліміздің батысында осындай атаумен ұлттық өнерді ұлықтаған  фестиваль өтті. Тұңғыш рет киіз үй тігу мен асау үйретуден сайыс ұйымдастырылды. Басына жүген ілмеген асауды құрықтауда нағыз жүректі де, білекті жігіттер сынға түсті. Рухты оятып, қанды қыздырған ұлттық ойындардан бағы мен бабы келіскендер топжарды.

 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

 

Біз қазір Торыатбасы тауының ең биік нүктесі - 212 метр биіктікте тұрмыз. Осы жерде «Ұлы даланың құндылықтары» атты этнофестиваль өтіп жатыр. Облыстық іс-шара қаланың қапырық ауасында емес, осы таудың баурайында, жазиралы кең далада ұйымдастырылды.

 

Шыңғырлау ауданындағы киелі жер Орал қаласынан 350 шақырым қашықтықта жатыр. Жол шалғайлығына қарамастан, іс-шараға 6 ауданнан қатысушылар ат сабылтып келді. Әсіресе, аймақта тұңғыш рет өткен киіз үй тігу сайысын тамашалау таңсық болды. Ереже бойынша киіз үйдің, алдымен, сықырлауығы мен керегесі құрылып, шаңырағы көтеріліп, уығы қадалуы шарт. Басы артық дүние болмауы тиіс.

 

Ерлан Айшуақов, қазылар алқасының мүшесі:

 

Мына жерде шаңырақты көтеру үшін қосымша ағаш пайдаланған. Бұл дұрыс емес. Қазақтар киіз үйді құрғанда екі уықты бір-біріне байлаған да, сосын екі адам ортасына тұрып, шаңырақты көтерген. Ереже бұзылып жатыр мына жерде. Ал мына жерде соңғы іс-әрекеттері бітіп жатыр. Шаңырағын көтеріп, енді үстіңгі жабындыларын жабады.

 

Ең бірінші болып 48 минутта шыңғырлаулықтар 8 қанатты ақа ала орданы тікті. Қазылар алқасы киіз үйдің құрылу тәртібін тексеріп, сапасына мән берді. Ішіне де кіріп, бау-басқұрының берік болуына көңіл бөлді.

 

Аймақта тұңғыш рет өткен тағы бір сайыс - асау үйрету. Жұрттың ықыласы бөлек. Тақымы мықты, құрыш қолды, шымыр жігіттер шу асауды құрықтады. Жығылғандар да болды. Асауға құрық салып, құлақтап мініп, айналып жүруге 5 минут уақыт берілді.

 

Жұбаныш Түймешев, сайысқа қатысушы:

 

Біз 1 минут 22 секундта асауды мініп, шылбырын мойнынан шешіп жіберіп, үйреттік жылқыны. «Ер жігіттен не пайда, еліне қауіп төнгенде, ат жалын тартып мінбесе, бес қаруын ілмесе» дейді. Ата-бабамыз аттың арқасында осы жерді қорғап қалғаны үшін біз атқа құмармыз. Айсұлтан, Нұрсұлтан деген бауырларыммен бірге өсіп келеміз, ат жалын тартып мінуге құмармыз.

 

Аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, т.б.

Жылқыға негізделген ұлттық ойындардың осы жерде өтуі тегін емес. Алыстан қарағанда шөккен аттың басына ұқсайтын тау Торыатбасы аталып кеткен.

 

Серік Темірғазиев, тұрғын:

 

Бұрын Торыатбасының екі құлағы да аман болған. 54-ші жылдары жерімізге келімсектер келгенде, осының ақтастарына қызғып, қазақтың рухын басу керек болды ма, ол кезед солай ғой. Жылқыға мінген қазақ рухты адам ғой. Тарихтан белгілі. Сол рухты басқысы келді ме екен, бір құлағын қиратып тастаған.

 

Шыңғырлаудың тау-тасы тұнған аңыз. Аймақтың жеті кереметінің бірі саналады. Тұңғыш фестиваль туған өлкені танытып, ұлттық ғұрыпты жаңғыртып, рухты жаныды.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу