Алматы жұртшылығы алғашқы гуманитарлық көмегін жүк көліктеріне тиеп, Түркістан облысына жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы жұртшылығы алғашқы гуманитарлық көмегін жүк көліктеріне тиеп, Түркістан облысына жіберді

26.06.2019

Арысқа елдің барлық өңірінен көмек беру ісі жалғасып жатыр. Алматы облысының жұртшылығы алғашқы гуманитарлық көмегін жүк көліктеріне тиеп, бүгін Түркістан облысына жол тартты. Бір кісідей жұмылған жетісулықтар екі күннен бері аудандарда арнайы ашылған кеңселерге зардап шеккендер үшін қажетті заттарын апарып жатыр. 

 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

 

Дәл қазір осы жерден 15 тонна ұн, 7 тонна қант, 2 тонна күріш, 12 мың литр су және өзге де азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек тиелген мынадай он жүк көлігі Түркістан облысына жол тартады. Бұл іске облыстың барлық аудандары атсалысқан. Сонымен қатар, кәсіпкерлер де белсенділік танытып, қаржылай көмек жинаған.

 

Жиналған заттардың құны 60 миллион теңге тұрады. Тауарлардан бөлек, құрылыс материалдары да жіберіліп жатыр.

 

Ғалиасқар Сарыбаев, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

 

Бізде 23 көмек көрсететін орталықтар, әр-түрлі заттарды қабылдау орталықтары жұмыс жасап жатыр. Мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалатынын және бүкіл азаматтар қолдап жатқанын айтқым келеді..

 

Бүгіннен бастап Еңбекшіқазақ ауданындағы "Тау Жанашар" лагері арыстық 150 баланы қабылдауға дайын. Сондықтан, жетісулықтар зардап шеккендерді қолдауға әрқашан әзір екендіктерін жеткізді.

 

Қырғызбек Атагелдиев, тыл ардагері:

 

Қазақстан халқына, еліне, жұртына қосылып, көмегімізді беріп, қол ұшымызды жасап жатырмыз.

 

Қазір облыстың бірнеше ауданында тағы да жылу жинау ісі жалғасып жатыр. Мәселен, Талғар ауданының барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Оның көлемі 25 миллион теңге шамасында. Себебі, Арыс қаласындағы апатты талғарлықтар жақсы түсінеді. Осыдан он бес жыл бұрын Талғарда лай көшкінінен үйлер қирап, халық зардап шеккен. Сол тұста да Қазақ елі тұтас жұмылып, көмектескен. 

 

Рыскелді Сәтбаев, Талғар ауданының әкімі:

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді ғой. Бүкіл ел болып, бүкіл ағайын болып, көмектесетін болсақ, арыстықтарға көмегіміз жетіп, бүгінгі қиындық тез өтеді де кетеді.

 

Тұрлыбек Мұсабекұлы, кәсіпкер:

 

Сол кісілерге көмегіміз тисін деген мақсатпен керекті ұн, қант, күріш дегендей, май-шәй бәрін алып кеп тұрмыз. Халықпен біргеміз!.

 

Талғар ауданынан қажетті заттар мен қаржылай көмек алдағы уақытта да жіберіледі. Арнайы құрылған штаб өкілдері Түркістан өңіріндегі жауапты мамандармен хабарласып, зардап шеккендерге бұдан басқа да нақты қандай заттар қажет екендігін анықтауға кірісті.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу