Ұлыбританияның әйгілі "The Diplomat" журналы 2018 жылы Қазақстаннан Тәжікстанға аударылған қаржы мөлшері екі есеге артқанын жазды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияның әйгілі "The Diplomat" журналы 2018 жылы Қазақстаннан Тәжікстанға аударылған қаржы мөлшері екі есеге артқанын жазды

24.06.2019

Еңбек мигранттары Мәскеу емес Нұр-Сұлтан қаласына ағыла бастаған. АҚШ-тың «The Diplomat» басылым жариялаған мақала осы тақырыпты қаузаған. Шетелдік ақпарат құралы Орталық Азияның еңбек мигранттары Қазақтың астанасына топ-тобымен келіп жатқанын айтқан. Оның ішінде ортақ шекарасы болмаса да Тәжікстаннан келетін жалдамалы жұмысшылар саны арта түскен.  

Нұрали Набиев биыл Елордаға алғаш келді. Жалғыз емес. Жанында 6 адамнан құралған шағын бригадасы бар. Құрылысқа қатысты шаруаның бәріне шебер. Жұмыс талғамайды. Қазір Есілдің сол жағалауында шатыр жөндеп жүр.

 

Нұрали Набиев, еңбек мигранты /Тәжікстан/:

 

Егер, азық-түлік, жатар орнына кететін шығынды есептемесем, кемі 700-800 долларды Душанбеге жіберемін. Бұл бір айлық табысым. Душанбеде 800 доллар әжептәуір қаржы. 

 

Аты жаһанға жария «The Diplomat» 2018 Қазақстаннан Тәжікстанға аударылған қаржы мөлшері екі есе артқанын жазады. Басылым алдағы уақытта Нұр-Сұлтан Мәскеумен еңбек мигранттары үшін күреске түсетін ірі мегаполис болады деп болжаған. Бұл ақпаратты Ұлттық банк мәліметтері де растап отыр. Үстіміздегі жылдың 5 айында біздің елімізден Тәжікстан бағытында шекара асқан қаржы мөлшері миллиардтап саналады.

 

Төлеген Тыныштыбаев, ҚР Ұлттық банкінің бас маманы:

 

Қазақстан Тәжікстанға 2019 жылдың 5 айында 44-мың ақша аудару операциясы жүзеге асты. Олардың жиынтық соммасы 4,3 миллиард теңге. Көбіне, аударымдар доллар арқылы іске асқан.

 

Нұрали Набиев, еңбек мигранты /Тәжікстан/:

 

Бұрын Мәскеуге баратын едім. Енді, Қазақстанда да жақсы табыс табуға болатынан естіп, осында келдік. Жаман емес. Заңды жолмен жұмыс істеп жатырмыз.

 

Нұрали еңбекпен тапқан нан тәтті дейді. Ол Қазақстан мүмкіндік мекені деп отыр. Жаз маусымы, тапсырыс көп. Үлгермей жатқандықтан, Тәжікстаннан тағы бір бригада шақыртқанын айтты.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу