Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде 83-ші орында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде 83-ші орында тұр

24.06.2019

Былтырдың өзінде 75 мың жан құлдыққа алынған. Жаһандық зерттеушілердің мәліметі бұл. Ал соған байланысты бізде қозғалған қылмыстық істер жоқтың қасы. Бар-жоғы 250-ден астам. Неге бұлай? Өйткені, қылмыс көбінесе жәбірленуші полицияға тікелей жүгінгенде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағаннан кейін ғана тіркеледі. Адам саудасы трансшекаралық сипат алған. Бүгінде әлемде еңбек және сексуалдық құлдықта 40 млндай адам отыр. Осы күрделі әрі өзекті мәселені шешуге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да қызығушылық танытқан. Бірлескен халықаралық симуляциялық жаттығулар өтпек.

Рахматолла Балашов, Жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласы халықаралық кафедрасының аға оқытушысы:

Алдын ала өткен қылмыстық істер бойынша солардың негізінде сценарийді жазғанбыз. Қазақстанда болып жатқан қылмыстарды соған жақындатып сценарий жаздық. Мысалы біз өткен жылы өткіздік қой. Осы тренингке қатысқан қызметкерлер арқылы 19 адам құтқарылды құлдықтан.

Жиынға құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, ТМД мен Орталық Азия елдері әлеуметтік саласының қызметкерлері қатысуда. 17 елден 120-дан астам маман бар. Халықаралық қатынастардың маңызы үлкен. Себебі бір елде басталған қылмыс, кейде екінші елде жалғасып жатады. Сондықтан құзырлы органдар арасында ақпарат алмасу негізгі талаптардың бірі.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу