Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықпен есептік кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықпен есептік кездесу өткізді

21.06.2019

Елімізде жыл басынан бері қылмыс саны 9 пайызға қысқарды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықпен есептік кездесуі кезінде осылай деді. Биыл министрлік үлкен өзгеріске ұшырап, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшыларының халықпен байланысы, ашықтығы бойынша да қыруар іс еңсерілген. 

 

Ішкі істер министрлігі қызметкерлер саны бойынша еліміздегі ең ірі құрылым. 150 мыңға тарта маман бар. Дегенмен халық арасында көп сынға ұшырайтын да осы полицейлер. Сондықтан да Ішкі істер министрлігі жемқорлықтың алдын алып, өз мамандарының ісіне адал болуы үшін жаңа бағдарлама да әзірлеген.

 

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

 

Біз Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, Азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, Ішкі істер органдарының жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бойынша 3 жақты жоспар әзірледік. Бұл жұмыс жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық болады.

 

Реформалау кезінде қызметкерлердің саны 10 пайызға дейін қысқартылып, соның есесіне өзгелерінің жалақысы көтерілген. Министрдің айтуы бойынша, полицейлердің саны Еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін де үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

 

Рустам Шарибаев, ҚР ІІМ Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары:

 

Шілдеден бастап біздің министрлікте жұмыс істейтін барлық қызметкерге үй жалдап тұрғаны үшін қосымша ақша төленеді. Жеке баспанамен қамтуға да күш салынып жатыр. Тегін медициналық қызметпен қамтылған. Жыл сайын жасалатын әлеуметтік көмек күшейіп келеді.

 

Полиция халық үшін қызмет етуі керек. Сондықтан тәртіп сақшыларының техникалық әлеуетіне үлкен мән беріліп отыр. Қазіргі уақытта жол патрульдік полициясының қызметтік көліктері судан және өрт кезінде құтқару құрылғыларымен жабдықталып жатыр.

 

Арман Шайзатов, Патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы:

 

Потрульдік полицияға бізге жаңадан осындай құрылғылар келіп жатыр. Біз әр шақыртуға бірінші баратын мүмкіндік болғаннан кейін көмегіміз керек болған адамдарға осы құрылғыларды қолданамыз.

 

Жиын барысында министрі қарапайым халықтың қойған сауалдарына да жауап берді. Сондай-ақ, бүгін еңбекте үздік, қызметіне адал мамандар мақтау қағаздарымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қазақстан полициясы күніне орай өткен салтанатты жиында бірқатар тәртіп сақшысына жоғары шен де табысталды.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу