«Кемеңгерліктің 30 жылы» атты Елбасының еңбегіне арналған конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Кемеңгерліктің 30 жылы» атты Елбасының еңбегіне арналған конференция өтті

21.06.2019

Кемеңгерліктің отыз жылы. Алматыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет мүддесі үшін атқарған қызметіне орай халықаралық конференция өтті. Жиынға Елбасымен бірге үзеңгілес болған әріптестері, бұрынғы үкімет мүшелері мен шетелдік сарапшылар қатысты. Шараның осы күні, әрі Алматы қаласында өтуі кездейсоқ емес. 

 

Кемеңгер көшбасшы келешектің кемел болуын қалайды. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Алматы жастарымен кездесті. Егемендіктің қалыптасуына еңбегі сіңген Елбасының ертеңгі ұрпаққа қалдырар аманаты бар. Отыз жылда ел жаңарады. Әлем өзгереді. Алайда қазақ барда Қазақстан да қала бермек. Талай қилы заманды бастан кешірген халықтың бірлігі бекем, іргесі берік. Сол себепті, Елбасы отыз жылда отанымыздың өркениетті отыз елдің қатарына кіретініне сенімді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

 

Қазақстан бүгін әлем құрметтейтін мемлекет болды. Қазақ қай жерде болса да, қазақты біледі. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Қай жерге барып оқимын десеңдер, жол ашық. Осындай жағдайға жеткеніміз елдің бірлігі, елдің болашаққа деген үміттің орындалуы болып саналады. Енді осы капсуланы 30 жылдан кейін ашқанда 30 жылда тарих өзгереді, ел өзгереді. Сол кезде мына капсуланы ашып, біздің істеген шаруаларды біліп, менің үндеуімді оқитын болады.

 

Бүгінгі тарихи сәтке куә жастар отыз жылдан соң елі үшін еңбектеніп жүретін азаматтар болады. Уақыт капсуласын ашу бақыты кімге бұйыратыны белгісіз. Ал оны салған студенттердің бойын қобалжу мен қуаныш қатар билегені көрініп-ақ тұр.

Тастан жасалған капсуланың авторы – суретші Санжар Жұбанов. Сыртына сақтар дәуіріндегі суреттер салынған. Осылайша, ата-бабамыздың тастар арқылы ақпарат алмасу әдісі жаңаша үлгіде келер ұрпаққа мирас болып қалмақ.

 

Альбина Әшім, тілші:

 

Уақыт капсуласы болашаққа бағдар береді. Ал мына зал отыз жыл бұрынғы тарихи сәтті еске салады. Дәл осы жерде 1989 жылы 22 -маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған еді. Елбасының ел мүддесі жолындағы қызметі дәл сол күні басталды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев тарих сахнасына сын сағаттарда шығып, билік тізгінін қолға алды. Кеңес одағының күйреген қалдықтарынан жаңа мемлекет қалыптастыру табандылық пен төзімділікті талап етті. Міне, сол кезеңді бірге өткерген үзеңгілестер, бұрынғы министрлер қайта бас қосты. Сол өтпелі кезеңде елі үшін  Елбасымен бірге еңбек еткен қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып сөз сөйледі.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

 

Экономиканың тұралап қалуы, халықтың әл-ауқатының төмендеуі, кеңестік кезеңнен кейінгі  саяси дағдарыс ахуалы – осының бәрі  жас мемлекеттің алдынан шыққан  алғашқы сынақтар еді. «Жалпақ әлемді  аузыңа қарату үшін  рухани ерлік керек» деп халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың айтқан даналығы бар. Расында, күллі әлемнің құрметіне ие болған Елбасының табанды, қажырлы еңбегі дәл осындай күрделі кезеңде сыналды  және мойындалды.    

      

Қазынада қаржы жоқ. Атқарар іс көп. Нарықтық экономикаға көшу оңай болмады. Дегенмен, сарабдал саясат пен ел бірлігінің арқасында Қазақстан осы кезеңнен сүрінбей өтті. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің жалпы ішкі өнімі он бір миллиардтан жүз жетпіс миллиард долларға дейін өсті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

 

Бүгінгі басқосуда баршаңызды, әсіресе, ескі таныс достарымды, әріптестерімді көргеніме қуаныштымын. Естен кетпес 1989 жыл уақыт өткен сайын алыстап барады. Біз тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Егемен еліміздің жаңа тарихын жазуды бірге бастадық. Мен осы жиында жастарды да көріп отырғаныма қуаныштымын.

 

Экономиканың өрлеуі әлеуметтің әлеуетін арттыруға сеп болды. Тоқырау жылдары халықтың үштен бірі кедейліктің шегінен шығып кетсе, бүгіндері бұл көрсеткіш төрт бүтін оннан алты пайызға дейін төмендеді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

 

Біз демографиялық проблеманы шештік. Қазақстан халқының саны 3,5 миллион адамға көбейді. Енді біз 18 миллионнан астық, ал қазақтар соның 70 пайызға жуығын құрайды. Кезінде шетелге кетуге мәжбүр болған 1 миллионнан астам қазақ Отанына оралды.

 

Қазақтың жаны – қазақ тілінің де мерейі мен мәртебесі өсті. Қазір мектептердің жетпіс, ал университеттердің алпыс төрт пайызы мемлекеттік тілде білім береді. Әлеуметтік мәселелерді шешіп, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін атқарылған істерді Елбасы қысқаша тізіп өтті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

 

Бір адамға арналған тұрғын үй алаңы 1,5 есе – 14 шаршы метрден 22 шаршы метрге дейін өсті. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық емхана мен амбулатория салынды. 1849 жаңа мектеп, 900-ге жуық балабақша ашылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде 10 мыңнан астам маман дайындадық. 

 

Қоршаған ортаны аялап, табиғи қазынаны ұтымды пайдалану да Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған басты бағыттардың бірі  болды. Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару үшін Елбасы нақты шаралар атқарды. Ал Семей полигонын жабу туралы маңызды шешім жиырма сегіз жыл бұрын дәл осы залда қабылданды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

 

Дәл осы залдың ішінде мені бірнеше рет Мәскеуге шақырып Горбачев мырза жабуға болмайды деп, Америкадан қалып қоямыз деп. Бір күн талқыладық. Семейді жарқыратамыз деді, бірақ мен олай болмайтынын түсіндім. Одақта ол кезде ақша жоқ. Сондықтан осы залда Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойдым.

 

Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен Қазақстанның бұл ұстанымы әлемдік аренадағы беделінің артуына сеп болды. Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес сынды ұйымдардың құрылуына мұрындық болған еліміздің елеулі істерін жиынға қатысқан шетелдік сарапшылар да атап өтті.

 

Ариэль Коэн, саясаттанушы (АҚШ):

 

Екі он жылдықтан аз уақыт ішінде Қазақстанның табыс бойынша көрсеткіштері орташа деңгейге дейін өсті. Нұрсұлтан Назарбаев мұның өзінде тоқтамай, құрылымдық және институционалдық реформаларды жалғастырды. Олардың бәрі мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға бағытталып отыр.

 

Күршад Зорлу, саясаттанушы (Түркия Республикасы):

 

Сіз бір сөзіңізде былай деген едіңіз: «Біздің жастар тарихын білу керек. Сақтар, ғұндар, түркілерден бастап білуі керек». Бұл сөздеріңіз түрік жастары тарапынан жақсы қабылданып, әлеуметтік желіде миллион рет жарияланды. Өткен жылы Түркияда жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сәйкес, Түркияда ең танымал Көшбасшы сіз екенсіз.

 

Кешегісі бір ресейлік сарапшылар да Кеңес үкіметіне кірген елдер басышларының ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерек екенін айтты.

 

Михаил Липкин, Ресей ғылым академиясы жалпы тарих институтының директоры:

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бойында кеңестік өмірлік тәжірибе мен өзекті мәселелер, әлемдік проблемаларды көре білу өзіне ғана тән қасиеті бар. Путин «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында «Назарбаев табысты қызмет атқарып, болашаққа бағыт алған адам» деуі бекер емес. Ол жанына жастар мен мықты адамдарды жинаудан тайсалмады. Бұл – нағыз көшбасшыға тән қасиет.

 

Ал Елбасы болса, бұл жетістіктердің барлығы халықтың еңбегі мен бірлігінің арқасы екенін атап өтті. Ендігі мақсат үздіксіз өзгеріп тұрған заман ағысынан қалмай, барды бағалау, жетістіктерді еселеу.

 

Жиынның нүктесі көрмемен қойылды. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап осы күнге дейін атқарған істері жайлы құжаттар мен жәдігерлер паш етеді. Осылайша, қызмет жолы Алматыда басталған Елбасының отыз жылдық еңбегі де сол тарихи сәттерге куә болған қалада қорытындыланды.

 

Альбина ӘШІМ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу