Қарағанды облысының Долинка елді мекенінде 12 жасар баланың үстіне бетон құлап мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Долинка елді мекенінде 12 жасар баланың үстіне бетон құлап мерт болды

21.06.2019

Жантүршігерлік оқиға кеше түс мезгілінде тіркелді. Жеке меншік нысанның қоршауы маңында достарымен ойнап жүрген Петр осындай оқыс жағдайға ұшыраған. Ал қасындағы екі серігі бетон құлаған сәтте қашып үлгеріпті. Көмек сұрап жанұшырған балаларды сол жердегі құрылыста жүрген жұмысшы көріп ұмтылыпты. Алайда балақай тіл тартпай кеткен.

Куәгердің айтуынша кезінде бұл аумақта мал шаруашылығы болыпты. Ескі қоршаулар содан қалған. Петр Яцинтюк осы Долинка елді мекеніндегі №4 орта мектепте оқыған. Биыл жетінші сыныпқа көшіпті.

Владимир Чекуров, куәгер:

Құрылыс басында жүріп балалардың дауысын естідім. Терезеден қарасам қоршау бетоны құлап жатыр. Жанында екі жеткіншек жүр. Шығып ұрыспақ болдым. Ал олар маған бетон астында достары қалғанын айтып көмек сұрады. Бірақ баланы құтқарып қалу мүмкін болмады.

Жанатай Сембеков, облыстық Полиция департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

Факт полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы сот алды тергеу барысында анықталатын болады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


 

Хабарламаларға жазылу