Абайлаңыз, банк атын бүркенген алаяқтарға алданып қалмаңыз! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайлаңыз, банк атын бүркенген алаяқтарға алданып қалмаңыз!

20.06.2019

Алаяқтарға  алданып қалмаңыз! Қазір, банк атын бүркенген арам ниеттілер клиенттердің есепшоттарындағы қыруар қаржыны үптеп кетіп жатыр. Яғни, банк өкілі ретінде хабарласып, карта нөмірін, ЖСН коды сияқты құпия мәліметтерді сұрап алады. Сөйтеді де, жымысқы әрекеттерін жүзеге асырады. Ал, шындығына банк өкілдері мұндай ақпараттарды сұрай ма? Аляқтың қақпанына түсіп қалмау үшін нені білген жөн? Сақтанудың тиімді жолдарын тілшіміз Армангүл Тоқтамұрат іздеп көрді.

 

Салтанат Қашағанова, кәсіпкер:

 

25-мамыр күні маған телефон шалады. Банктен деп өздерін ұсынады. Телефонмен сіздің картаңыз блокка түсіп қалған дейді. Сіз ешқандай операция жасай алмайсыз деп маған ақпарат келді.

 

Осылай алаяқтар кезекті құрбаны ретінде нысанаға Салтанат Қашағанованы алады. 1 минуттың ішінде түйткілдің түйінін тарқатамыз деп клиенттің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, банк картасының нөмірі сияқты жеке мәліметтерді түгел сұрап алады. 

 

Салтанат Қашағанова, кәсіпкер:

 

Содан кейін барып, сізге смс келеді деді, телефонға. Қарасам, шынымен де смс келді. Келіп тұр ма деп сұрады. Иә, келіп тұр. Соны оқынызшы не келіп тұр, не жазылып тұр?  Цифрлар келді. Сол номерді айттым да, сол кезде өзіме жетті. Бір нәрсе, біртүрлі болып. Өзіме бір күмәнді болып тұрды. Содан кейін телефонды өшіріп тастадым. Содан кейін, пәленше сумманы рубль ретінде шотымнан кетіп отыр, картамның нөмірінен, рубльмен  кетіп жатыр.

 

Күдік пен күмәнге шырмалған Салтанат дереу банкке хабарласып, өзінің әккі алаяқтарға тап болғанын түсінеді. Бірден полицияға арыз түсіріп, халықты ескерту үшін әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялайды. Сөйтсе,  алаяқтың айласына арбалған жалғыз ол емес екен.

 

Ирина Корнейчук: "Маған да бүгін қоңырау шалып, картамның бұғатталып қалғанын, осы нөмірге хабарласып мәселені шеше алатынымды айтты".

Гаухар Джунубаева: "Мен алаяқтар екенін басында білмедім. Үшінші күн қатарынан маған -643987, -643652 қалалық нөмірлерден телефон шалды".

Дина Максумова: "Алаяқтар маған да осы нөмірден хабарласты. Мен тез түсініп, банкке өзім хабарласатынымды айттым. Олар ашуланып кетті".

 

Есепшот, банк картасы, оның нөмірі мен пин-коды – бұл тек клиентке тиесілі құпия ақпарат. Оны тіпті, банк өкілдері де білмейді. 

 

Ләззәт Үсенбекова, Қаржылық қызмет және қаржылық сауаттылық сапасын арттыру орталығының басқарушы директоры:

 

Банк еш уақытта сіздің төлем картаңыздың пин кодын немесе екінші бетіндегі CV2 деген бар ғой, үш саннан тұратын, оны еш уақытта сұрамайды. Бұл ақпараттарды, кодтарды тек қана карта иесі білу керек.

 

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

 

Сондай-ақ, банк операцияларын интернет арқылы жүзеге асырған кезде сізге келетін парольді де ешкім білмеген жөн. Банк картаңызды бәз-біреудің суретке түсіріп алуына да жол бермеңіз!

 

Бақытқа қарай, алаяқтар Салтанат Қашағанованың қаржысын қымқырып үлгермепті.

 

Салтанат Қашағанова, кәсіпкер:

 

3 күннен кейін маған банктан звандады, банк қызметкерлері хабарласып айтты, осындай  сіздің трансакцияныз аяқталмаған, ақшаңыз сақталған, ақшаңызды келіп алып кетуінізге болады  деді.

 

Тал түсте тоналып, сан соқпас үшін Ұлттық банк халықты барынша сақ болуға шақырады.

Бірінші кезекте өзіңіз банктің колл-орталығының ресми нөміріне телефон шалып, сізге хабарласқан адамның банк қызметкері екендігін нақтылау қажет. Сонымен бірге, банк қызметкерінің қызметтік куәлігін және жеке куәлігін көрсетуін сұрауыңызға болады. Деректемелерін жазып алыңыз. Дегенмен, кез келген жағдайда ақпаратты банкте растау қажет.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу