Мемлекет Павлодар өңіріндегі шаруаларға тиімді бағдарлама ұсынып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет Павлодар өңіріндегі шаруаларға тиімді бағдарлама ұсынып отыр

20.06.2019

Тозығы жеткен техникадан әбден ығыр болған диқанның бейнеті азайды.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде ендігі жерде  аймақтардың  дамуына айрықша екпін берілетінін айтты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы басты назарда. Өңірдегі  шаруашылықтарға мемлекет осы бастан тиімді бағдарлама ұсынып отыр. Яғни, шаруалар комбайн, трактордан бастап тұқым себетін, тыңайтқыш шашатын барлық техниканы қалталарынан бір тиын шығармай ала алады. Павлодарда  ерте көктемнен қам жасап, жаңа техникамен егін салып, еңбегін еселеп отырған шаруалар жетерлік.  Олармен аймақтағы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев арнайы жолықты.

Ақтоғай ауданындағы Назымбек Белгібаев басқаратын шаруашылық көктемгі егісті мерзімінен бұрын аяқтады. Себебі, қолдағы бар техника түгелдей жаңартылды. Сәбіз, картоп салып, оны жинауға арналған комбайндар, трактор, топырақ аударатын соқа, сайман дер кезінде әкелінді. Енді бірер аптада күзгі ораққа қажетті құрал-жабдықтар да келіп қалуы тиіс.

Назымбек Белгібаев, шаруа қожалығының меңгерушісі:

Келісім-шарт бойынша 470 миллион теңгенің техникасына тапсырыс бердік. Оның 25 пайызы мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия ретінде берілді. Ол дегеніміз 91 миллион теңге. Бұрынғы талап бойынша біз бұл қаржыны өз күшімізбен тауып, алдын-ала есеп шотымызға салып қоюға тиіс болатынбыз. Осы жылы қаржы іздеп, қарыз сұрап қиналған жоқпыз. Мемлекеттің бұл бізге жасаған үлкен көмегі.

Айналасы екі айда аймақтағы шаруаларға 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыға техника әкелінді. Оның 500 миллион теңгеге жуығы мемлекет тарапынан субсидияландырылған. Бұрын бұл қаржы шаруашылықтарға алғашқы жарнасын төлеп барып техниканы алғаннан кейін қайтарылатын. Қазір, керісінше.

Мейрам Төлегенов, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырушы оператордың өкілі:

Сол бағдарлама бойынша шаруа қожалықтары бізге құжат тапсырып, қолдау алғасын оның есеп-шотына сол инвестициялық субсидиялар түседі. Сол инвестициялық субсидиялар өзі алып отырған техникаға бастапқы жарна ретінде болады.

Қазіргі кезде «не ексең, срны орасың» деген дихандық қағиданың маңызы артып отыр. Сондықтан заманауи техникаға қол жеткізген шаруашылықтар енді егіншілік мәдениетін мінсіз атқаруға кірісті.

Болат Аманбаев, тілші:   

Егіншілік саласында қатып қалған қағида жоқ. Бірде шығымды, бірде шығымсыз. Қуаңшылық болса, ала көңіл дихан аспанға қарап жауын тосады. Ал, жаз жаңбырлы болса, егін піспей қала ма деп тағы алаңдайды. Суармалы егістіктің артықшылығы, міне осыдан білінеді.

Биыл аймақта 51 мың гектар суармалы алқапқа дән себілді. Ал алдағы үш жылда 140 мың гектардан астам егістік аумағы қолдан суарылады. Ылғалы мол, құнарлы топырақта  сыртқы нарықта сұранысқа ие, жоғары сапалы өнім алуға мүмкіндік мол.

Болат АМАНБАЕВ

 

 

Хабарламаларға жазылу