ҚР Ауыл шаруашылығы министрі халық алдында есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі халық алдында есеп берді

18.06.2019

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі де есептік кездесуін өткізіп, саладағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Айталық, шаруалар алуы тиіс субсидия мақсатсыз жұмсалып, былтыр мал ұстағандарға 20 миллиард теңге көлемінде бөлінбей қалған. Жыл сайын қайтарымсыз қаражат сұрап, фермерлердің жыларман болатыны да содан. Ал субсидияны бөлу 2014 жылдан бері өңір әкімдерінің өкілеттігіне өткен. Министрдің есептік кездесуіне қатысып қайтқан әріптесім Нысаналы Ығыл тақырыпты тарқатып айтсын.

 

Ауыл шаруашылығына бағытталған субсидия асфальттарды жамауға жұмсалады. Немесе өңірдің өзге де кемдігін бүтіндеуге кетеді. Сөйтіп әкімдер фермерлерге тиесілі жеңілдікті кезінде игерілмеген қаржыға ауыстыра салады. Бұл қитұрқылық. Сондай-ақ салғырттығы тағы бар. Мысалы, мал басы өсімін дұрыс есептемегеннің кесірінен екі ортада шаруа алақан жайып қала береді.

 

Жалпы мал бағып, санын өсіріп, өнімін алып, тұқымын асылдандыруға жылына 77 миллиард теңге қаралған. Қайтарымсыз қаражаттан 38 мыңнан астам шаруаның үлесі бар. Қолдаудың 65 пайызы ұсақ қожалықтарға жасалады. Алайда айтқанымыздай субсидия бәріне бірдей бұйырмайды. Әсіресе олқылықтар Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі қайталанады. Былтыр 20,2 миллиард теңге субсидия берілмепті.

Еркебұлан Ахметов, ҚР Ауыл шарушылығы миинистрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры:

Мал шаруашылығының жылдық өсімі өте жоғары. Орташа есеппен ол 7-10 пайызды құрайды. Субсидиялауды жоспарлаған кезде ол өсім есепке алынбаған. 16 облыстың жартысынан көбі жеткіліксіз деңгейде қаржы жоспарлайды да соған сәйкес жыл соңында қарыздар пайда болып жатады. 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Осының кесірінен субсидия кешіктіріледі немесе кезекті берілетін жеңілдікке кедергі келтіреді. Бірақ қаржы алғанымен қарық қылмай отырған шаруалар да бар.

 

Осы ретте министрлік келісімшарттық субсидия жүйесін енгізбек. Яғни өндіріс қуатын арттырып, өнімі ішкі нарыққа және экспортқа тарап жатса, тағы мал санын өсірсе. Тоқ етері нәтиже көрсеткенге көмек те көрсетіледі. Ал екінші...

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Субсидия беру мәселесін автоматтандырып жатырмыз. Әр бір қожалық өзінің үйінде, өзінің компьютерінен отырып заявлениесін береді. Автоматтандыру арқылы шешеміз деп отырмыз.

 

Өсімдік шаруашылығына берілетін субсидияда өзгеріс бар. Қазір қайтарымсыз қаражат күріш, мақта мен қант қызылшасына ғана қаралған. Бірте-бірте ол да тоқтамақ. Бірақ сол ауысқан ақша шаруларды басқаша қолдауға жұмсалады. Құрылыс салу, технология алу сынды бағыттарға. Ал тыңайтқыш, тұқым, гербицид үшін жеңілдік бастапқы қалпында сақталған. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

 

 

Хабарламаларға жазылу