Екі күннен соң елде Ұлттық Бірыңғай Тест басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі күннен соң елде Ұлттық Бірыңғай Тест басталады

18.06.2019

Оған әзірлік сақадай-сай. Өткен аптада ғана Білім және ғылым министрі лауазымын алған Асхат Айымбетов бүгін Үкіметте елдің бас ұстазы ретінде алғашқы баяндамасын жасады.

 

Мәліметке сәйкес, тестілеудің форматы өзгерген жоқ, бәрі бұрынғы ережемен өтеді. Тек, биыл талапкерлерге көмек ретінде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

 

Біріншіден, ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ жылына бұрынғыдай бір мәрте емес, 4 рет өткізіледі. Бұл оқушыларға қорқыныштарын жеңіп, маусымда өтетін ҰБТ-ға алаңсыз дайындалуына септігін тигізеді. Екіншіден, колледж түлектері бітірген мамандығы бойынша ЖОО-на ақылы негізде оқуға түсуге ниет етсе, ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады.

 

Ал, айлтс халықаралық сертификаттары бар түлектер «Шет тілі» пәнінен тестілеуден босатылмақ. Оларға пән бойынша максималды 40 балл автоматты түрде беріледі.

 

Айта өтейік, 16 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ҰБТ-ға осыған дейін 1 миллион 800 мыңға жуық адам қатысыпты.

 

Асхат Айымбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

 

Әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ берілетін болады. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының нәтижелері, яғни өту балы көрсетіледі. Бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және алған балл деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Дұрыс таңдау жасауға мүкіндік алады.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу