СҚО-да Қазақстанда баламасы жоқ зауыт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да Қазақстанда баламасы жоқ зауыт ашылды

12.07.2014
СҚО-да Қазақстанда баламасы жоқ зауыт ашылды

Осыған дейін шетелдік өнімге тәуелді болып келген жылыту орталықтары мен электр қуатын өндіретін компаниялар қазандықтарға қажетті қондырғыларды енді Қазақстанда жасатуға мүмкіндік алды.

Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде пайдалануға берілген жаңа желіде жоғары температуралық қысымға шыдайтын мембрандық панельдер шығарылады. Қазақстанда баламасы жоқ бұл жобаның құны 600 миллион теңге.

Желінің қуаты жылына жалпықұны 5 миллиард теңгеден астам,  4,5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бүгінгі күннің өзінде солтүстік өңірдегі бірнеше кәсіпорыннан тапсырыс түсіп, зауыт толық қуатында жұмыс істеуде. Онда 44 адам еңбекетеді.

Владимир Денисюк, өндіріс басшысының орынбасары:

Жобаны қаржыландырған «Қазақстанинжиниринг» Ұлттық компаниясы. Қондырғылардың барлығы да шетелдерден әкелінді. Ең озық, заманауи дәнекерлеуіш қондырғы орнатылды. Біз Қазақстандық қана емес, Сібірдің де кәсіпорындарын өз өнімімізбен қамтамасыз ете аламыз.

Бұл желінің ерекшелігі ені 2 метрге, ұзындығы 15 метрге жететін панельдерді әзірлей алады. Ол қондырғылар жылыту қазандықтарына арналған. Елдар Мұхамедшин осы жаңа қондырғының қыр-сырын меңгеріп алған. Болат құбырларды дәнекерлеп, панель жасау соның міндеті.     

Елдар Мұхамедшин, автоматтандырылған желінің операторы:

Жаңа қондырғыда жұмыс істеудің өзі бір ғанибет. Қол еңбегі азайды. Табысым да жақсы. Қазір тапсырыс көп, сондықтан жұмыс та жеткілікті.

Жаңа мембрандық панельдер біріншіден, арзан, әрі сапалы отандық өнім; екіншіден, тозығы жеткен энергоорталықтардың пештерін жаңартып, энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді; үшіншіден, зауыттың экспорттық әлеуетін арттырды.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу