Елордалық дәрігер тоққа түскен баланы аман алып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық дәрігер тоққа түскен баланы аман алып қалды

14.06.2019

Елордалық дәрігерлер өте жоғары кернеулі тоққа түскен баланы аман алып қалды. Екі апта бойы жан сақтау бөлімінде жатқан 11 жасар Кирилл бүгін палатаға шықты. Халі мүшкіл болған балғынның қазір беті бері қараған. Оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер қолдарынан келгеннің бәрін істеді. Сәуле Алдамұратқызының сюжеті.

 

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

 

Оқиға мына жерде болған. Ойнап жүрген үш бауыр қаланы жоғарыдан көреміз деп мына техникалық көпірдің үстіне шығып кетеді. Сол уақытта 11 жасар Кирилді  жоғары кернеулі тоқ ұрып, ол темірдің үстіне құлап түскен.

 

Есін енді ғана жиған Кирилл болған оқиғаны есіне түсіре алмады. Тек қарындастарының сөзін ғана жеткізді.

Оқиға болған кезде анасы үйде екен. Балалар әкесінің жұмысына тамақ алып барыпты. Ол темір жолдың бойында. Қайтар жолда бауырлар көпірге шығып қызық көргісі келген.

 

Кристина Светникова, Кирилдің анасы: 

 

Балаң қиналып жатқанда жаныңды қоятын жер таппайды екенсің.  Мен енді көзін ашпайтын шығар деп ойладым. Есін жиып мені шақырғанда жүрегім жарыла жаздады. Мен үшін таңғажайып сәт болды. Бұл дәрігірелердің арқасы. Алғысым шексіз.

 

Кирилге алғаш көмекке келген -  әкесі Сергей. Сол кезде үш баласын сырттай қарап жүрген ол балғындарының қалай көпірдің үстіне шығып кеткенін байқамай қалыпты.

 

Сергей Михайлов, Кирилдің әкесі:

 

Жүгіріп келсем ол мына жерде жатыр екен. Жерге түскенде аман қалмайтын еді. Көпірдің биіктігі жерден 15 метрдей болады. Ұлымда қозғалыс жоқ. Жалма-жан арғы бетке өтіп көтеріп алып шықтым.  

 

Баланы 26 мың кернеулі тоқ ұрған. Бұл - бір ауылды бір ай жарықпен қамтамасыз етуге болатын жоғары вольт. Мұндай кернеумен тоқ ұрса бір ғимарат түгел жанып кетеді дейді мамандар. Баланың көрер жарығы бар екен деген дәрігерлер тағы бір операцияға дайындалып жатыр.  

 

Азамат Жайылғанов, №2 балалар ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

 

Операция кезінде бас ми ісініп, сыртқа шыға бастады. Балада бір жақ аяқ қолы істемейтін гимопорез болды. Және афазия болды есті қабілеті бар бірақ өзі сөйлей алмайды. 8 тәулікте қимыл пайда болды. Қазір жағдай орташа.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу