4 жұмысшының қазасына байланысты "Астана су арнасы" компаниясының 2 лауазымды басшысы ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

4 жұмысшының қазасына байланысты "Астана су арнасы" компаниясының 2 лауазымды басшысы ұсталды

14.06.2019

Төрт жұмысшының қазасына байланысты "Астана су арнасы" компаниясының екі лауазымды басшысы ұсталды. Олардың кінәсі дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған қызметкердің бірі - бас механик. Ол еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жауапты болған. Ал екіншісі - аталған мекеменің Алматы аудандық бөлімшесі бойынша жауапты қызметкері. Естеріңізге сала кетсек, 23- мамыр күні "Астана су арнасы" мекемесінің төрт жұмысшысы метан газына уланып қайтыс болған еді. Қайғылы жағдай кезінде алты адам қаладағы құдықтың бірін жөндеп жатқан. Сол уақытта жұмысшының бірі есінен танып, құдыққа құлаған. Оны құтқармақ болған өзге үшеуі  құдық ішінде газға уланып қалған.  Қаза тапқандар 24, 26, 31 және 52 жастағы азаматтар. Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, қаза болғандар респираторсыз жұмыс істеген.

 

Ғани Нұрқаев, қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары:

 

Осы факті бойынша "Астана су арнасы" МКК екі басшысы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда бұл бойынша құжаттар сотқа жолдауға рәсімделіп жатыр.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу