Қарағанды облысының тұрғындары көпқабатты үйдегі пәтерлерін қыста пеш жағып жылытып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының тұрғындары көпқабатты үйдегі пәтерлерін қыста пеш жағып жылытып отыр

05.06.2019

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ағадыр кентінде көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтер ішінен пеш жағады. Ал бірқатар үйдің жертөлесінде аса қауіпті автономды қазандықтар орналасқан. Қауіпті дейтініміз өңірдегі Шахан қаласында дәл осындай жылыту нысанының жарылуы салдарынан үй опырылып 9 адамның өліміне себеп болған еді. Биыл Ағадырда қазандықтарды аулаға шығару, маңайдағы пеш жағатын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесімен қамту жұмыстары басталды. Алайда ауласына модульді нысан салынса да, оған қосылмайтын үйлер бар болып шықты. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы біліп көрді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ағадыр кентінде 100-ден астам көпқабатты үй бар. Соның 12-нің жертөлесінде автономды қазандықтар орналасқан. Оларды аулаға шығару жұмыстары қолға алынған болатын. Алайда соңы жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы түсініспеушілікке ұласты.

Бұл кенттің 2-ші ықшам ауданындағы алғашқы төрт үйдің наразы тұрғындары. Олардың жертөлесінде автономды қазандық жоқ. Бірақ барлығы да пәтер ішінен пеш жағады. Автономды қазандықтары бар үйлер үшін ортақ жылыту нысанының бірі дәл осы аулада салынбақ. Жоба бойынша маңайдағы жай пеш жағатын үйлерді де қамту қарастырылған. Алайда төрт үй ескерілмей қалған.

Бақытгүл Бошаева, Ағадыр кентінің тұрғыны:

Көршілер жиналып барды әкімге. Жиналыс жасалды. Қағаздар барлығы бар. Қалып қойған біздің 4 үй. Білмейміз не себепті екенін. Бізден ары 5-ші үйден бастап қосып жатыр.

Төрт үйде 72 пәтер бар. Тұрғындар күнұзақ пеш жағып, күл шығарумен әуреленеді. «Бұлай тұру өмірге қауіпті»,-дейді тұрғындар.

Айман Қайранбекова, Ағадыр кентінің тұрғыны:

Масқара, қауіпті, міне. Мына пешімізді осы жерден жағамыз. Арғы жақта насос бар. Бірақ ол дұрыс жұмыс жасамайды. Мынау тасиды. Пеш жаққан кезде қорқамыз. Себебі газыңыз, міне, жақын тұр. Атылады ма деп қорқасың. Менде қайта тұрба арқылы кетеді түтін. Ал кей пәтерлерде ауа тазалау жүйесімен шығатындар бар.

Кейбір пәтерлер үй тазалығы үшін бірігіп жертөлеге ұзақ уақыт жанатын пештер қойып алған. Алайда жарық болмай қалған жағдайда мұндай жылыту нысанынан да қауіп күшті.

Жұмағали Әбішбеков, Ағадыр кентінің тұрғыны:

Сол уақытта мына насостар жұмыс істемей қалса, пеш қызады да кез келген уақытта атылуы мүмкін. Мына арадан шыққан газ жертөледен әр пәтерге баратын ауа тазартқыш тұр. Сол үйдің ішіне түтін кіреді.

Жалпы кенттегі 12 үйдің жертөлесіндегі автономды қазандықтар алынып, аулаларға 5 күшейтілген модульдік нысандар салынбақ. Жоба құны - 183 миллион теңге. Қазандықтардың жылыту қуаты кенттегі пеш жағатын үйлердің үштен бір бөлігін қамтуға жетеді екен.

Мұхит Мұхтар, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Халықтың сұранысына сәйкес модульдік қазандық салатын болғаннан кейін қасындағы үйлерді қосуды көздегенбіз. Бүгінгі күнде 32 үй қосымша қосылатын болып отыр. Төрт үй жобада қамтылмаған еді.

Мәселені шешу үшін қосымша қаражат қарастырылды, барлық жұмыс күзге қарай аяқталады. «Ал қалған пеш жағатын көпқабатты үйлер алдағы жылдары кезең-кезеңімен қамтылады», - дейді жергілікті билік өкілдері.

Хабарламаларға жазылу