Павлодарда екі жастағы сәби 476 күн бойы ес-түссіз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда екі жастағы сәби 476 күн бойы ес-түссіз жатыр

30.05.2019

Кішкентай Кәрім емдік массаждан соң осындай күйге түскен. Дәрігерлер күрделі ота жасап, баланы сауықтыруға болатынын айтады. Оған қажетті 3 млн теңге қаржыны аймақ тұрғындары үш аптада жинап берді. Ендігі мәселе - сырқат баланы елордаға жеткізу.

Кәрім өз бетінше тыныстай алмайды. Түтікше арқылы демалып жатыр. Дереу операция жасау қажет. Бірақ Павлодарда оған қажетті жабдықтар да, маман да жоқ.

Гүлмира Жанайдарова, Кәрімнің анасы:

- Операцияға қажетті ақша бар. Ота жасайтын хирургтерді де таптық. Бірақ елордаға жеткізу қиын болып тұр. Дәрігерлер оны әуежайға жеткізгенше жүрек соғысы тоқтап қалады деп отыр.

Массаж кезінде баланың мойын омыртқасы зақымданған. Кейін өкпесі қабынып, ауа жетпейтін болды. Дәрігерлер 476 күн жан сақтау бөлімінде жатқан нәрестенің өмірі үшін қолдан келгенді жасап бақты. «Мұндай арпалысты бала түгілі, үлкен адам да көтере алмайды», - дейді олар.

Ирина Орсагаш, облыстық Балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Ағзаның ауруға төтеп беру күші сарқылып барады. Әрине, бұл заңды құбылыс. Бұлай жалғаса бермейді. Ота жасау - соңғы амал. Баланың өмірі тек соған тіреліп тұр. Бәлкім сәтін салар.

Кәрімді елордаға апарып, отандық дәрігерлер ота жасаудан бас тартқан жағдайда Ресейдің Қорған облысынан хирург келуге дайын. Тіпті, ресейлік мамандар республикалық нейрохирургия орталығымен ақылы жұмыс жасауға келісіпті. Ал, сәбиді сал еткен мануальді терапевтке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Жанна Белялова, Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Кешенді сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша оны дәрігерлік жұмыстан шеттету немесе қылмыстық жауапқа тартуымыз мүмкін. Ол үшін қылмыстық айғақтар болуы керек.

Жылдан аса аурухана кереуетіне таңылған кішкентай Кәрімнің өміріне бүкіл Кереку жұрты алаңдаулы. Жанашыр жандар баланың еміне қажетті қаржыны әп-сәтте жинап берді. Бейнематериалды эфирге дайындау барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы астаналық дәрігерлердің Кәрімді тікұшақпен алып кеткенін хабарлады.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу