ШҚО-да ауыл тұрғындары малға жайылым қалмады деп алаңдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да ауыл тұрғындары малға жайылым қалмады деп алаңдайды

28.05.2019

Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылының тұрғындары мал жаятын жер қалмады деп шағымдануда. Тиісінше арпа өсіретін шаруалар қараусыз жүретін мал кесірінен шығынға батқандарын алға тартады. Шыдамдары таусылған соң, тіпті полицияға да арыз жазып, мал иелеріне айыппұл салдыртқан. Ауыл халқы жергілікті биліктен жайылымдық мәселесін шешуді талап етуде.

Бірлесбек Нәсіпхан Малоубинка ауылында соңғы 15 жылдан бері тұрады. Шеттен келген қандасымыз басқа жаққа көшуді ойлап жүр. Өйткені ауыл төңірегінде мал жайылатын өріс қалмаған.

Бірлесбек Нәсіпхан, Малоубинка ауылының тұрғыны:

- Біз өзі малмен жан бағып отырмыз. Бізді осылай қыса беретін болса, 17 отбасы осы жерден көшеміз бе деп отырмыз.

Cайранбек Мағазов, Малоубинка ауылының тұрғыны:

- Ең жақсы деген мал жайылымды, 89 гектарды тартып алды. Енді, міне, ауылдың іргесіне келді. Мына жерде 50 гектар жеріміз болған.

Егістік алқаптар тура ауылдың іргесіне егіліп жатқанына 4-5 жыл болыпты. Сол уақыттан бері халық пен шаруалар арасында ұрыс-керіс көбейген. Өткен аптада қожалық басшысы полицияға шағымданып, 8 отбасының әрқайсысына 50 мың теңгеден айыппұл салынған. 

Дархан Құнанбаев, Глубокое аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- 20 АЕК салынды. Әкімшілік Кодексте көрсетілген, қазіргі уақытта оның 50 пайызын ғана төлеуге болады, 7 күн ішінде. Ол мал иелеріне айтылып, түсіндірілді. Қараусыз малдың, әсіресі қой-ешкінің егінге түсіп кетуі бізді шығынға батырды. Арпа өсіретін шаруалардың айтқан уәжі осы. Ескертуден нәтиже шықпаған соң, полицияға хабарласады екен.

Серікбек Садықов, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:-

- Үйден шығарады малды, ешкім бақпайды. Сондай проблема. Ешқандай мал бағу кестесі жоқ. Негізінен егінге қой түсіп кетеді.

Аудандық жер қатынастар бөлімі басшысының айтуынша, бұл елді мекенде мал жайылатын жер бар. Бірақ ауыл іргесіне тіреп тұрып егін салған қожалық алқаптарының шекарасы қай жерге дейін екенін әлі анықтамапты.

Жігер Бүргенов, Глубокое аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Кадастрлық құжаттарды көтереміз, қараймыз. Бұл жерде шекарасынан асып кеткені дәлелденсе, заңға сәйкес ары қарай жұмыс істейміз.

Көп жылдан бері жөндеу көрмеген мына ескі жол да Малоубинка ауылы үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Аудандағы билік өкілдерінің айтуынша, жолдың осыншама шұрық-шұрық тесік болуына кен таситын кәсіпорынның жүк көліктері кінәлі. Аудандағы әкімшіліктің мәліметі бойынша, алдағы уақытта сол кәсіпорын осы жолды жөндеуге уәде беріп отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу