Қазақстанда жасалған тауарлар бәсекеге қабілетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жасалған тауарлар бәсекеге қабілетті

27.05.2019

Отандық кәсіпкерлер өзге елдердің аумағында да өндіріс ашып, өз тауарын сыртқы нарыққа өткізе бастады.

Мәселен, жақында Татарстанның Саба ауданында «ҚазақЭкспорт» компаниясының қолдауымен қазақстандық желдеткіштер құрастырылатын цех ашылды. Бұл – екі тарапқа да тиімді әріптестіктің түрі. Себебі, жаңа кәсіпорынның арқасында жергілікті жұрт жұмыспен қамтылса, қазақстандық компания өз өнімдерін көрші ел нарығына еш кедергісіз экспорттауға мүмкіндік алады.

Татарстанның Саба ауданы біздің елмен арадағы алыс-беріс, барыс-келісті арттыруға мүдделі. Жергілікті билік өкілдері, тек сауда-саттықпен шектелмей, өндірістік байланыстарды да тереңдеткелі отыр.

Райыс Минниханов, Саба ауданының басшысы:

Біздің ауданға келіп жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерді, өндірісі толық қуат алғанша, жер салығынан уақытша босатамыз. Аздаған сомаға арналған гранттық жүйе бар. Сонымен қатар, электр энергиясын арзандатылған бағамен сататын боламыз.

Өзара ынтымақтастықтың алғашы мысалы ретінде, жақында Саба ауданының орталығынан қазақстандық желдеткіштерді құрастыратын цех ашылды. Бұл жердегі қосалқы бөлшек те, технология да, біздің елге тиесілі. Әзірге 10 адам жұмыс істейтін кәсіпорында, өндірістік мақсаттағы желдеткіштердің 3 түрі құрастырылады. 

Руслан Жолдасов, Желдеткіш цехының директоры:

Біріншісі – өрт болған жағдайда түтінді сорып алып кететін желдеткіш. Екіншісі – улитка  ретінде, асханаларда жаман иістерді сорып тұратын желдеткіш. Одан кейін, осьтік деп аталады, үлкен ғимараттарға таза ауа кіргізетін, ауасын тазартып тұратын желдеткіштер бар.

Желдеткіш цехы Қазақстан үшін экспорттаушы компания болса, Татарстан үшін жергілікті өндіруші саналады. Яғни, мұндай әріптестік екі тарапқа да тиімді.

Әділбек Бектібаев, ҚР өңдеу өнеркәсібі одағының атқарушы директоры:

Жалпы кез-келген ел өзінің ішкі нарығын қорғайтындықтан, дайын тауарды, басқа мемлекетке әкеліп сату оңай емес. Сондықтан біз Татарстаннан желдеткіш құрастыратын цех ашуды ұйғардық. Себебі, өндіріске қажетті, қосалқы бөлшектің барлығы Қазақстанда жасалғандықтан, негізгі қаржы елімізге қайтады. Ал тауар Ресей аумағында жасалғандықтан, оны сатуда еш кедергі болмайды.

Әзірге осы цехта құрастырылған желдеткіштердің алғашқы бөлігі Башқұрстанға жөнелтілді. Яғни, шағын ғана ауданда жасалған бұл тауарды, енді бүкіл Ресейге таратуға мүмкіндік бар. Келешекте сұраныс жақсы болса, шығаратын өнімнің түрі көбейіп, өндіріс кеңейеді.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу