Қазақ даласында киіктер төлдеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ даласында киіктер төлдеп жатыр

20.05.2019

Елімізде күн суытып, «Құралай салқыны» түсті. Бұл ақбөкендердің жаппай төлдей бастайтын уақыты. Осы кезді пайдаланып, біздің түсірілім топ Бетпақдалаға бет алды. Лағын өргізген киіктерді көріп, талай ақын-жазушы жырлаған құралайлардың сұлулығына тамсанып қайтты.

Бұл – елордадан шамамен 300 шақырым қашықтықтағы Қарағанды облысының Нұра ауданының территориясы. Бетпақдала киіктері биыл осы мекенде төл өргізіпті.

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Осы жерге келуіміздегі басты мақсат – киіктерді кезіктіру. Өйткені «Құралай салқыны», яғни ақбөкендердің төлдеу уақыты. Міне, ауа райы да суық болып тұр, жел бар. Сапарымыздың барысында ақбөкендерді кезіктіргенімізбен, олар бізден үрейленіп, өзге жаққа қашып кетті. Міне, шамамен, екі-үш шақырымдай жерде олардың үлкен популяциясын көруге болады.

Әлемдегі киіктердің 95 пайызы Қазақстанда мекендейді. Олар Орал, Үстірт, Бетпақдала аумағына шоғырланған.

Былтырғы санақ бойынша, елімізде 215 100 киік бар. Оның 4 мыңға жуығы Үстірт жерінде, 135 мыңы Батыс Қазақстан облысында, 76 мыңы Бетпақдалада мекендейді.

2015 жылы елде 295 мың киік болған еді. Сол жылы жануарлар жаппай қырылып, 2016 жылғы санақ бойынша 108 мыңы ғана қалды. Кейін олардың популяциясын арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ақбөкендерді атуға мораторий жарияланды. Нәтижесінде жыл сайынға өсім 40 пайызға жетті.

Екі апта бұрын киіктердің әуе санағы аяқталыпты. Төлдеу кезеңінде «Охотзоопром» мекемесі 123 миллион гектар жерді қамтитын 10 облыста бақылауды күшейтті. Оған 222 инспектор жұмылдырылып, Қазақ даласындағы киіктерді қорғауда. Жанат Рахымбеков - сол инспекторлардың бірі, жануарлар жанашыры. Бұл қызметте 23 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Әкесі де осы салада 30 жыл еңбек еткен. Оның сөзінше, табиғат сақшысы ең алдымен қоршаған ортаны сүю керек.

Жанат Рахымбеков, «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының инспекторы:

- Келіссөздер жасайық деп заңбұзушылыққа шақыратын браконьерлер көп. Заңсыз аң аулауға шығып, қылмысты жасайтындардың көбі өзіміздің Қазақстан азаматтары. Бірі киікті мүйізі үшін атса, кейбір іс кәсіпқойлықтан жасалады. Адамдар оның етін жегенді жақсы көреді. Инспектордың жұмысы осы. Отбасы, үйімізді тастап, далаға 15-20 күнге кетеміз. Қысы-жазы осы жердеміз.

Расымен де, инспектор болу аса жауапкершілікті, төзімділік пен батылдықты қажет ететін қызмет екеніне көзіміз жетті. Өйткені табиғат қаскөйлеріне төтеп беру оңай іс емес. Оның үстіне, өңірде браконьерлік басылмай тұр.

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- 2018 жылы киікті заңсыз сату бойынша 77 браконьерлік факт тіркелген. 501 киіктің мүйізі тәркіленді. Шығыс медицинасында киіктердің мүйіздері сұраныста.

Бүгінде табиғат инспекторларының материалдық-техникалық базасы жаңартуды талап етеді. Яғни, материалдық тұрғыда мәселелер жетерлік. Сайын дала сақшыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту да өзекті. Себебі ақбөкендерді қорғап жүрген инспекторлардың өз құқытары толық қорғалып, жай-күйі дұрысталса, жануарлардың да жағдайы жақсаратыны сөзсіз.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу