Халықты жұмыспен қамту – негізгі міндет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықты жұмыспен қамту – негізгі міндет

17.05.2019

Қазақстанда халықты жұмыспен қамтудың жаңа жүйесі қолға алынады.  Бүгін Мемлекет басшысы Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, инвесторлар мен ірі компаниялардың басшыларын жинап, халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша жиын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс міндеттер қойды.

Мемлекеттік саясат – халықты лайықты жұмыспен қамтуға бағытталуы тиіс. Сосын негізгі басымдық - әділ еңбекақыға негізделуі керек. Президент жауаптыларға осылай деп пәрмен берді әрі оны тиімді жүзеге асырудың бағыттарын да жіктеп берді. Алдымен, мамандарды - еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:

Еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау. Төртінші өндірістік революция жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі. Бүгінде алған білімнің уақыт өткен сайын жарамсыз боп қалуы жиі кездеседі. Үкімет білім беру бағдарламаларының әлемдік стандартқа сай кешенді жаңаруын қамтамасыз ету қажет.

Осы бағытта алдағы 3 жылда алдыңғы қатарлы 180 колледж бен 20 жоғары оқу орны күшейтіледі. Президент Үкіметке жоғары және кәсіби техникалық білім берудің сапасын бақылауды тапсырды. Тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын құру – екінші міндет.

Біздегі құрылып жатқан жұмыс орындарының көбі қысқа мерзімге бейімделген. Мұндай әдіспен халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес, еңбек нарығын уақытша ғана тұрақтандырады. Сондықтан, біз ең алдымен маман жетіспейтін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар салаларында тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз қажет.

Президент жүктеген үшінші міндет – Жұмыспен қамтудың жаңа қалыптары. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық технологиялық трендтер еңбек нарығының кең көлемде трансформациялануына әкелетінін айтты. Жастарды жұмысқа орналастыру – негізгі міндеттердің бірі. Өйткені, жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Бесінші міндет – инклюзивтілік. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуы қамтамасыз етілуі тиіс. Себебі, елдегі мүмкіндігі шектеулі 410 мың адам еңбекке қабілетті. Алайда, олардың тең жарымы қалыпты еңбек жағдайында жұмыс істей алмай отыр.  Яғни, 120 мың адам – тұрақты жұмысқа мұқтаж. Мемлекет басшысы еңбек мобильділігін арттыруды алтыншы міндет деп көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек. Шенеуніктерге емес, адамдарға ыңғайлы болатын тиімді жолдарын қарастыру қажет. Үкімет пен әкімдерге бірлесіп мобильді еңбектің тиімділігін арттыру тетіктерін жасауды тапсырамын.

Үкіметке жүктелген соңғы міндет – гендерлік тең құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу