Ақтөбеде «Рауан-2» ауылында 10-нан аса отбасы газы, суы, жарығы жоқ үйлерде қыстап шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде «Рауан-2» ауылында 10-нан аса отбасы газы, суы, жарығы жоқ үйлерде қыстап шыққан

17.05.2019

Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Рауан-2» ауылында оннан аса отбасы газы, суы, жарығы жоқ үйлерде қыстап шығуға мәжбүр болған.  Жергілікті билік 2 жыл бұрын бұл ауданнан 400-ге жуық адамға жер телімін бергенімен, инженерлік желілерін әлі күнге дейін тартпаған. Бар ақшасына үй тұрғызып қойғандардың көбі амалсыз пәтер жағалап кеткен.

Қазына Тоғызбаева бір жарым жыл бұрын ауданнан көшіп келіп, балаларымен бірге жиған-терген қаржысына үй тұрғызып алған. Алайда, ауылдан қалаға емес, далаға келгендей күй кешіп жатырмыз деп ашынады. Басқа барар жері болмағасын от жағып, осында қыстап шығуға мәжбүр болған. Жарықты іргелес елді мекеннен өз қаржысына өткізіп алған.

Қазына Тоғызбаева, тұрғын:

 Газ,су – бәрі дайын деген соң, көшіп келдік. Ауылдан келіп, мұндайды көреміз деп ойлаған жоқпын. 200 метр кабельді сатып алып, орнату үшін екі жүз мың теңгеден астам шығын шықты.

Тұрғындар мәселені айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. «Қала әкімдігінің өкілдері екі жылдан бері құрғақ уәдемен алдап келеді», - дейді. Көбі салып қойған үйлерін тастап, пәтер жалдап кеткен.

Толғанай Қалмашқызы , тұрғын:

«Кезінде жерді мараторий жасап, тоқтатып тастады. «Біз коммуникация жасамай ешнәрсе бермейміз», - деп. Сонда жасаған коммуникациясы қайда?»

Белгілісі – бұл ауданға инженерлік желілерді өткізу әзір жобада жоқ. Әкімдік өкілі газ, су мен жарық тартылмаған аумақтан жер телімдері неліктен берілгенін түсіндіріп бере алмады. Алайда, ауыл тұрғындарының мәселесін тиісті мекемелермен келісіп, алдағы бір ай ішінде шешіп беруге уәде берді.

Жандос Өтеулин, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

«Мамыр айының аяғы мен маусым айының басында облыстық мәслихат сессиясында ақша бөлуге ұсыныс енгізетін боламыз. Әзірше біз  1 айдың ішінде  өз тарапымыздан  көшенің ортасына дейін орталықтандырылған су, жарық, газ тартып беруге тырысамыз.

Қала әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында жер телімдері беріліп, бірақ инженерлік желілер тартылмаған осындай бірнеше аумақ бар. Ал, «Рауан-2»  тұрғындарының жергілікті биліктің соңғы уәдесін күтуден басқа амалдары жоқ.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу