«Әскери баспана» бағдарламасына сұраныс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әскери баспана» бағдарламасына сұраныс көп

14.05.2019

Үй алуға өтінім білдіріп жатқандар саны тым көп. Банк басшылығы келушілердің қатары осыншама қалың болатынын күтпегенін айтуда. Құжат тапсырушылардың көптігінен қосымша банк қызметкерлерін тартуға тура келуде.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» клиенттердің қатары әдеттегіден тыс көп. Олардың 90 пайызы - әскерилер. Таңмен таласа кезекке тұрып, құжаттарын өткізіп жатыр. Өйткені мамырдың 1-нен «Әскери баспана» бағдарламасы жаңартылған шарттармен жұмысын бастады.

Оңдашевтар отбасы да бағдарламаның арқасында баспаналы болуға үмітті. Пәтерден-пәтерге көшіп, берекесі қашып жүрген жанұя бүгін банкке құжаттарын өткізді.

Ерболсын Оңдашев, әскери қызметкер:

- Бұл уақытқа дейін біз пәтер жалдап тұрдық. Жұбайымыз екеуміз. Біздің екі баламыз бар. Бағдарлама шыққаннан бері қуанып жатырмыз. Өте тиімді бағдарлама болғалы тұр әскери қызметкерлерге.

Әскерилерге арналған бұл бағдарлама былтыр қолға алынған болатын. Алайда, талаптары қиын болып, жеңілдетілген несиенің нәтижесін көбісі сезіне алмады. Осы себептен биыл шарттары өзгертіліп, қайтадан іске қосылды. Яғни, әскерилер бұдан былай пәтерлерін қай жерден алса да рұқсат. Демек, екінші нарықтағы үйлерден де қарауларына болады. Бастапқа жарна құны 15, жылдық несие көлемі 8 пайыздан аспайды. Тағы бір ерекшелігі – үміткерлер тізімі бұрынғыдай балдық жүйемен жасалмайды, яғни, конкурс болмайды, кез келген әскери қызметші несиені рәсімдеуіне болады. Осындай жеңілдетілген нұсқадағы бағдарламаға әскерилер тарапынан сұраныс та жоғары. Сол себептен ай басталғалы банктерде тыным жоқ. Алғашқы 3 жұмыс күнінің өзінде 800-ге жуық әскери келген. Оның жартысының құжаттары дұрыс болып, өтінімдері қабылданды. 105 қызметкерге оң шешім шығып та үлгерді.

Жансұлтан Матаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» орталық филиал директоры:

- Біздің барлық қызмет көрсету орталықтарында, филиалда кезекті тұрған адамдар шамадан тыс болып тұр. Соның сұраныстарын қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. Бірақ кезекте адамдар көп өте.

Биыл осы бағдарламаның арқасында 4000 әскери баспаналы болмақ. Бұл мақсатқа 59 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, несиесінің ішіне пәтерлерін жөндеу үшін де қосымша қаражат алуларына мүмкіндік бар. Мұның бәрі тұрғын үй төлемі негізінде берілетін жүйе бойынша мемлекет есебінен төленеді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу