Ақтөбеде бір жыл бұрын журналист қаза тапқан жеделсаты сол күйі жөндеусіз тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде бір жыл бұрын журналист қаза тапқан жеделсаты сол күйі жөндеусіз тұр

13.05.2019

Ақтөбеде бір жыл бұрын журналист қысылып, қаза тапқан жеделсаты сол күйі жөндеусіз тұр. Бала шағаның қауіпсіздігіне алаңдаған үйдің тұрғындары жауапты мекеменің салғырттығына наразы. Лифтінің жоқтығы, әсіресе, қарт адамдарға қиын болып тұр. Жергілікті билік тозығы жеткен жеделсатыларды жаңасына ауыстырып жатқандарын айтады. Дегенмен, оның ақысын тұрғындардың өздері төлейтін болған соң, бұл жұмыс әлі ұзаққа созылуы мүмкін.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл соңғы бір жылдан бері жаңартылып жатқан Ақтөбедегі бар болғаны үшінші жеделсаты. Мұндай бір құрылғының құны 7 миллион теңге шамасында. Оны тұрғындар несиеге рәсімдеп, жылдар бойы төлеуі тиіс.

Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің барлығы тексерілді. Нәтижесінде 829 жеделсатының  300-ге жуығының әбден тозғаны анықталған. Тұрғындар техникалық талаптарға сай келмейтін құрылғыларды амалсыз пайдаланып келеді.

Жанаргүл Мұхамбеталина, қала тұрғыны:

Бұзылады. Ішінде балалар қалып қояды. Шақырғанда келмейді лифтерлар.Бір сағаттай тұрады, жылап, ішінде тұншығып. Талай қалып қойдық. Міне, оныншы жыл тұрып жатқанымызға.

Ал, мынау  бір жыл бұрын ақтөбелік журналист  қаза тапқан лифт. Жеделсаты сол күйі қоршаулы тұр. Мұндағы тұрғындардың кейбірі көшіп кеткен. Ал, қалғандары амалсыз тұрып жатыр.

Гүлназит Адаева, тұрғын:

Анау оқиғадан кейін қарамай кетті. Сот бітті, ештеңе керек емес оларға. Тұрғындардың бәрі жоғарыда тұрады, старыйлары. Түспейміз, далаға прогулкаға шықпаймыз. Немерені шығармаймыз.Отырамыз үйде қамалып.

Ал, қала әкімдігінің өкілдері бұл үйдегі төрт жеделсатының да жақын күндері ауыстырылатынын айтты. Тұрғындардың дені ай сайын 3 жарым мың теңгеден төлеп отыруға келіскен.

Асхат Душкенов,  қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы:

Бір лифтінің сомасы 7 миллионға шықса, сол жеті миллионды тұрғындар 5-7 жыл ішінде өздері белгілеген уақытта қайтарып береді. Барлық лифтілерді жаңарту мемлекет тарапынан көзделіп отыр. Бірақ, бюджеттің бөлінуіне байланысты.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл оннан аса жеделсатыны алмастыру үшін 125 миллион теңге бөлінген. Алдағы уақытта Ақтөбеден Беларусядағы жеделсаты зауытының филиалын ашу жоспары бар. Ол кезде әр құрылғының құны бір миллион теңгеге дейін арзандайтын болады.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу