Елдегі бейбіт күн үшін сұрапыл соғыста кеудесін от пен оққа тосқан ардагерлер қай қоғамда болмасын ардақты. Олардың ерлігі мен ел үшін жасаған еңбегі елдің болашағына медет болды. Қазақ елі Жеңіс күнінде қатары сиреген ардагерлерін ардақтап, құрметтеуден кенде болмады. Мереке күні әріптесім ғасыр жасаған қария Сиқымбай Мамыровпен жүздесіп келді.
Ел басына күн туғанда қолына қару алған жауынгер бүгінде жеңістің жемісін жеп отыр. Ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйген. Ардагердің ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа қашанда өнеге. Мереке күні бүлдіршіндер майдангер атасын құттықтай келген.
Сиқымбай Мамыров, ардагер:
Бақытты болайық. Несібелі болыңдар. Бәрің аман болыңдар!
«Жау жағадан алғанда жаспын деп жасымадым», -дейді ғасыр жасаған Сиқымбай атамыз. Ол 1941 жылы №132 атқыштар дивизиясына шақырылған. Аз уақытта қатардағы жауынгерден пулеметшілер бөлмішесінің командирі болады.
Қажыр-қайрат, қырағылық қазақтың қанында бар. Сондай қасиеттердің арқасында Сиқымбай ақсақал Мәскеуден Берлинге дейін жеткен. Жол-жөнекей 4 рет жараланған. Елге оралғаннан кейін 60 жылға жуық ауыл шаруашылығында еңбек еткен. Әлі күнге дейін тағылымдық кездесулердің құрметті қонағы.
Ғабит БӨКЕНБАЙ