Бельгияда жерленген қазақстандық сарбаздар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда жерленген қазақстандық сарбаздар

09.05.2019

Бельгияда да қазақтан қалған белгі бар. Сұрапыл соғыста қаза тапқан қазақ сарбаздарының қадау-қадау қабірі қалыпты бұл елде. Осыдан бірер жыл бұрын қазақстандық дипломаттар солардың алтауының кім екенін тапқан болатын. Есімдері анықталмағандар әлі де көп. Бүгін Бельгия үкіметінің мүшелері, еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мен ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері жылдағы дәстүр бойынша Кеңес жауынгерлерінің зиратына гүл шоқтарын қойды.

Сұм соғыста мерт болған кеңестік және бельгиялық жауынгерлер ең көп жерленген «Эвер» зираты осы. Кіргеннен бірден көзге түсетін мына ескерткішті Бельгияны фашистерден азат ету жолында шейіт болған Кеңес сарбаздарының құрметіне ел үкіметі 1999 жылы орнатыпты. Ерлікке тағзым ету үшін билік өкілдері, осы мемлекеттегі Қазақстан елшілігі мен ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері жылдағыдай ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жан-Жак Буше, Бельгияның қарсыласу комитетінің Бас хатшысы:

Бұл біз үшін өте маңызды күн. Өйткені, осы Жеңістің арқасында біз бүгін бейбіт, демократиялық қоғамда бейқам өмір кешіп жатырмыз. Барлық Кеңес жауынгерлерімен бірге қазақстандық сарбаздардың да Жеңіске қосқан үлесі орасан екенін білеміз. Бельгияны, жалпы Еуропаны азат етуге қатысқан жауынгерлердің  арқасында бүгін  мамыражай өмір сүріп отырмыз. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.

Владимир Чижов, Ресейдің еуропалық одақтағы тұрақты өкілі:

Барлық қазақстандықтарды, барша әлем халқын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бұл - біздің ортақ жеңісіміз. Сұм соғыстың құрбандарын еске алып, олардың ерліктерін жадымызда сақтау мақсатында төменнен басталған «Ардагерлерге тағзым» шарасы бүгінде әлемнің 100-ден астам елінде жалғасып жатыр. Бұл - ардагерлерімізді ешқашан ұмытпайтынымыздың дәлелі.

Өскелең ұрпақ тарихты түгендеп, оғландарды іздестіруді жалғастыра бермек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бельгиядағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Генктегі бауырластар зиратына жерленген мына екі қазақты тапқан болатын. Қызылордалық Нұрадин Бисеновтің қабіріне 4 жыл бұрын туыстары туған жердің бір уыс топырағын салды. Семейлік Уәлиев Тоғайбай Уәлиұлының жақындарынан әзірге еш хабар жоқ. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Лимбург провинцясындағы «Ланклар» бауырластар зиратына да біздің екі отандасымыз жерленіпті. Олардың есімдері мына ескерткіш тақтаға жазылған. Наливайко Николай Васильевич 1922  жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1907 жылғы Скринников Дмитрий Васильевич те Алматы облысы Андреевка ауылының тумасы. Қос сарбаз 1942 жылдың қысында тұтқынға түсіп, бір жылдан соң, «Шталаг» концлагерінде ажал құшқан. 

Курсель, Флерус қалаларындағы қорымдарда Ляховский Василий Тарасович, Янков Дмитрий Павлович есімді тағы да екі жерлесіміз жатыр. Бірі Түркістан облысы Ленгер ауданы Егорьевка ауылының тумасы. Екіншісі Шығыс Қазақстаннан. Бельгиядағы Қазақстан елшілігі осы азаматтардың туыстарына іздеу жариялайды. Бәлкім, бұл батырлардың жақын-жамағаты да бауырым деп бір күні іздеп келер деген үміт мол. Жоқшысы, іздеушісі болса, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу