Көпке пайдасы тиген 12 әлеуметтік жоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпке пайдасы тиген 12 әлеуметтік жоба

02.05.2019

Сүт және бал өндіріп, тегін тарату. Ақысыз қызмет көрсететін шаштараз бен оқыту орталықтары. Осындай көптеген әлеуметтік жобаларды Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданының жастары бір жылдың ішінде іске асырған. Аудан белсенділері облыста өткен Zhas Project жобасына қатысып, 12 жобаны қорғап шыққан. Қазір оны жүзеге асырып, ауылдағы ағайынға пайдасын тигізіп отыр.

Альмира Баймырзаева өзінің құрбыларымен бірігіп Zhas Project жобасына қатысып 1 миллион теңге қаржы ұтып алған. Ол қаржыға аудан орталығынан сұлулық салонын ашты. Сөйтіп 6 ай бойы халыққа тегін қызмет көрсеткен. Бірінші кезекте аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдескен. Әлеуметтік жобаның басты шарты сол. Қолға алынған кәсіп, халыққа ақысыз қызмет көрсетуі тиіс. Ол мерзім өткен соң, жастар дайын бизнесті өз кәсібіне айналдырады.

Альмира Баймырзаева, Zhas Project жобасына қатысушы

- Біз жастарға осындай мүмкіндік бергендеріне көп рақмет айтамыз. Осындай кәсібімізді аштық. Өзіміздің армандаған ойымызға жеттік.

Үржарлық Меруерт Киекбаева - бұл жобасы арқылы өз кәсібіне қол жеткізген жастардың бірі. Ол жабық ғимаратта балалардың белсенді демалысы үшін ойын алаңын ашқан.

Меруерт Киекбаева, Zhas Project жобасына қатысушы:

- 6 ай көлемінде біз тегін қызмет көрсеттік. 6 ай өткеннен бері қазір жеке кәсіпкер ретінде қызмет көрсетеміз. Бірақ әлі де мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға біз қазіргі кезде де тегін қызмет көрсетудеміз.

Үржар ауданының жастары Zhas Project аясында түрлі бағыттағы 12 жобаны ұтып алып, ауданға 24 миллион теңгеге инвестиция әкеліп отыр. Әлеуметтік бастамалардың әрқайсысы қазір, қатысушылардың жеке кәсібіне айналған. Жалпы аудандағы жастардың белсенділігі өте жоғары-дейді мамандар.

Фархат Сүлейменов, Үржар аудандық жастар орталығының директоры:

- Бізде еріктілер тобы құрылған. 30-дан астам жасымыз бар. Әрбір саланың жастары мереке болсын, кеш болсын өткізуге жүгіріп жүреді. Осыған дейін 3 қайырымдылық концертін өткізді. Және қайырымдылық концертінен ақшаны аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Қазір ауданда 14 мыңнан астам жас бар. Өңірдегі түрлі салада қызмет істеп отырғандардың тең жартысы осы жастар көрінеді. Олар өз өңірлерінің жан-жақты дамуына үлестерін қоса бермек.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу