Тайсойған қайта түледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тайсойған қайта түледі

02.05.2019

Атырау облысындағы әскери сынақ алаңы болған Тайсойған жері мемлекет меншігіне кері қайтарылғалы қарқынды игеріле бастады. Бос жатқан атыраптың төсіне төрт түлігін өргізген шаруалар агроөнеркәсіп саласын айрықша дамытуда. Ал, полигон аумағындағы кен орындары өндіріс ауқымын кеңейтті.

Жандос Темірғали, тілші:

- Жерасты қазба байлықтарын барлаушылардың болжамына сүйенсек, бұл даланың қойнауында шамамен 400 млн тоннадан астам мұнай қоры бар. Бүгінде ел иелігіне кері қайтарылған сынақ алаңы аумағынан, «қара алтынның» өзге де көздерін іздестіру жұмыстары басталды. Бас-аяғы 5 мың 600 шаршы шақырым жерге геолог мамандар кешенді зерттеу жүргізуде.

Осынша ауқымды мұнай іздеу шаралары елімізде алғаш рет жүзеге асып отыр. «Қара алтын» қорын сейсмикалық барлау жұмысына 500-ге жуық адам жұмылдырылған. Бұрынғы сынақ алаңында қазір 4 кен орны бар. Солардың бірі «Мәтен» өндіріс ошағы. Кәсіпорын жылына 136 мың тоннадан астам мұнай игеруге қауқарлы.

Рашид Ілесұлы, «Мәтен» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Келесі жылдан бастап, біз контрактіні тағы да 25 жылға созғызғымыз келіп отыр. Өйткені жерін алдық, мұнайымыз тәулігіне 375-380 тонна беріп отыр. Бұл қайтарылған жердің арқасында.

Шөбі шүйгін, суы мол, топырағы құнарлы мекенге шаруалар көптеп келуде. Төрт түлік өсірумен айналысатын қазір ірілі ұсақты 25 қожалық бар. Абай Есенғалиев, иелігіндегі 500-ден астам малды полигон даласына бағып отыр.

Абай Есенғалиев, қожалық басшысы:

- Мал басын көбейткім келіп отыр. Полигоннан қалған жер болса да, малдың жайылымы, малдың күйі бәрі жақсы.

Кезінде еліміздің батыс аймақтарындағы 2 млн гектарға жуық жер сынақ алаңына берілді. Соның біразы мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бұл аумақтар адам өмірі үшін қауіпсіз дейді.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Полигонның әсерінен болған зардаптарды өтеу мәселесі қалай болады деген сұрақтар қойылып жүр. Кешенді дәрігерлік тексеру өткізіледі. Оған облыстан қаржы қаралған. Бүгінгі күні жер бетінде, жер астында адамның өмір сүруіне қоршаған ортаға зиян тигізетіндей қауіп жоқ.

Түгін тартсаң, майы шығатын атырапта қожалықтардың санын 40-қа жеткізу көзделген. Шұрайлы мекенге әлден сұраныс жоғары. Мұнайшылар да ірі кен орындарын ашуға үмітті .

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу