Қарағандылықтар бірлік мерекесін сән-салтанатпен атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылықтар бірлік мерекесін сән-салтанатпен атап өтті

01.05.2019

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі Қарағанды облысында да өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Кеншілер шаһарының орталық саябағында болған салтанатты шарада көпбалалы аналарға пәтер кілттері табысталды. Ал, Теміртауда жаңа балабақша бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашты. Жалпы, облыстағы барлық қала, аудандарда мерекелік шаралар өтіп, түрлі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Қарағандыдағы орталық демалыс саябағында өткен шараға ауа райының салқындығына қарамастан халық көп жиналды. Өңірде 75 этномәдени бірлестік бар. Олар ұлттық киімдер көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Ал өнер ұжымдары концерт қойды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов салтанатты шара барысында тұрғындарды Бірлік күні мерекесімен құттықтап, көпбалалы аналарға пәтер кілттерін табыстады. Алды он жылдан астам уақыт баспана кезегінде тұрған бұл отбасылар енді қаладағы жаңа ықшам ауданда бой көтерген алғашқы 24 қабаттық үйде тұратын болады.

Раушан Сыздықова, қала тұрғыны:

- Мерекелеріңізбен құттықтаймын. Қуаныштымыз. 4 балам бар. Пәтер кезегінде тұрғанымызға 13 жыл болды. Көпбалалы аналарды құрметтеп, осылайша пәтер беріп жатқанына мың алғыс.

Қымбат Айбалтина, қала тұрғыны:

- Бес баланың анасымын. Солардың әкесі де, шешесі де өзіммін. Бүгін, міне, үй алып жатырмын. 1 мамыр мерекесі құтты болсын. 15 жыл кезекте тұрдым. Бейнетім ақталды бүгін.

Ал, металлургтер шаһары - Теміртауда мерекеге орай 235 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді. Ол үшін бюджеттен 223 миллион теңге қаражат бөлінген. Бөбекжайда 10 топ бар. Мұнда үш тілді оқытатын арнайы орталық та жұмыс істейтін болады.

Бұл күні облысқа қарасты барлық қала, аудандарда мерекелік шаралар өтіп, бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды. Елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға, экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу