Алматыда қалта ұрыларының суреттері қоғамдық орындарға ілінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалта ұрыларының суреттері қоғамдық орындарға ілінді

25.04.2019

Алматыда қалта ұрылары қаптап кетті. Сондықтан жергілікті полицейлер қоғамдық орындар мен автобустарды торуылдайтын 194 кәнігі ұрының суретін жариялап, халықты сақтануға шақырды. Ал, мегаполисте жыл басынан бері тұрғындарды тонаушыларға қатысты 194 қылмыстық іс тіркелген. Алайда, сұғанақтар ұсталып, темір торға қамалғандарымен, азаятын түрі жоқ.

Автобус жүргізушісі Дәулет Бұқарбаев қалта ұрыларының бейқам жолаушыларды бірнеше рет үптеп кеткендерін көрген. Оның айтуынша, сұғанақтар таңертең, кешқұрым халық нөпірі көп уақытта торуылға шығады.

Дәулет Бұқарбаев, қоғамдық көліктің жүргізушісі:

- Олар әсіресе адам көп уақытта шығады. Есіктің аузында болады. Олар бір адам болмайды ешқашан. Бес алтауы болады.

Қазір ұрылармен күресті бастаған тәртіп сақшылары халыққа ақпарат беріп, сақтандыру жұмыстарын күшейтті. Мәселен, кәнігі 194 ұрының суреті басылған плакаттарды әлеуметтік желілер мен сайттарда жариялап, аялдамалар мен қоғамдық көліктерге де іліп жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

- Жыл басынан бері 194 қылмыскер Алматы төңірегінде ұсталды. Біздің Алматы қаласы полициясының құрамында 12 арнайы шапшаң қимылдайтын жедел топтар бар. Қарапайым азаматтық киімдегі жедел уәкілдер күнделікті қоғамдық көлік ішімен жүріп, қалта ұрыларын айқындап, оларды қамауға алып отырады.

Қолға түскен ұрылардың 85 пайызы - бұрын сотталғандар. Олардың арасында бозбалалар мен қыз-келіншектер де аз емес. Сол сұғанақтардың суретін жалпақ жұртқа жариялап, сақтандыру - басты міндет. «Ал, қоғамдық орындарда ілініп тұрған суретін көріп, туған-туыстарынан ұялғандарынан ұрлығын қойғандар да бар», - дейді полицейлер.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу