Алматы жастары қарияларға көмек көрсетіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы жастары қарияларға көмек көрсетіп жүр

22.04.2019

Биыл ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына - 74 жыл. Осыған орай «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында еліміздің әр өңірінде майдангерлерге құрмет көрсетілді. 

Алматыда «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлерін жинап, аулаларын тазартып берді. Жалпы, қаладағы 8 аудан бойынша бір айда 100-ден астам ардагерге көмек көрсетпекші.

Ал, Кентаулық еріктілер өзгенің көмегіне мұқтаж бірнеше ардагердің шаруасын тындырып, қаладағы орталық саябақ, «Азалы ана» монументі мен өзге де ескерткіштердің маңын тазартты.

Сағымбек Асылбеков, «Nur Otan» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Ардагерлерімізге көмек, қолғабыс көрсете отырып, елжандылықты қалыптастыру - негізі мақсат. Мұндай іс-шараны тек қана жоспарлы түрде емес, ұдайы өткізуді қолға алып отырмыз. Алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ал, Атырауда партия өкілдері 95 жастағы Орынғали Қарасаев ардагердің шаңырағына соғып, ақсақалдың батасын алды. Сонымен бірге, тыл ардагері Валентина Коноплеваны да құттықтап, ақсамайлы әжейдің алғысына бөленді. Бүгінде аймақта соғысқа қатысқан 15, тылда еңбек еткен 2,5 мыңға жуық ардагер бар.

Әлібек Семғалиев, қалалық мәслихат депутаты:

- Ардагерлердің жағдайын білу, қамқорлық көрсету - әрбір азаматтың парызы.

«Nur Otan» партиясының тағы бір жобасы - «Кедергісіз келешек». Жоба аясында «нұротандықтар» әр өңірдегі инклюзивті білім беретін мектептердің жұмысымен танысты. Қызылорда облысында осы бағытта 112 балабақша, 148 мектеп, 18 кәсіптік техникалық колледж бар. Онда 79 мүмкіндігі шектеулі бала мен жасөспірім білім алып жатыр. 

Ержан Байтілес, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

- Денсаулығында кінәрат бар азаматтарды қоғамнан тыс, қоғамнан бөлек азамат ретінде қарастырмауымыз керек. Олардың да қалыпты жағдайда дамуына, олардың да тиісті жағдайда білім алуына, осы қоғамның бір мүшесі болып қалыптасуына еңбек етуіміз керек. 

Атыраудағы 117 орта мектеп жанынан 824 баланы қамтитын арнайы сыныптар бар. Мұнда мүгедек балалар білім алады. Өңірде олармен тікелей жұмыс істейтін 150 мұғалім бар.

Гүлсина Байкенова, облыстық мәслихат депутаты:

- Ерекше балалардың оқуына, олардың қоғамға сіңісуіне, өзіміз тартуымыз керек. Өйткені ерекше балалардың ата-аналарымен сөйлескенде, олар бізге айтып жатады. Қандай кедергі бар, қандай мақсаттары бар. Бұл, әрине, бүгінгі күнде осындай ерекше сыныптардың ашылғаннан кейін үлкен даму динамикасы өтіп жатыр. Оған біз де риза боп жатырмыз.

Мамандар сәби санасындағы ерекшеліктерге орай, әрбір бүлдіршінді жеке бағдарлама бойынша оқытады. Сондай-ақ, ата-аналармен де жүйелі жұмыс жолға қойылған. Жаңа оқу жылында инклюзивті бағытта тағы 10 сынып ашу көзделіп отыр.

Ақмарал Төлеубек

Хабарламаларға жазылу