Алматы облысындағы Қорғас өзенінде селге қарсы жаңа бөгеттің іргетасы қаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Қорғас өзенінде селге қарсы жаңа бөгеттің іргетасы қаланды

22.04.2019

Су тоспасының сыйымдылығы 10 млн текше метрге дейін жетеді. Салтанатты шараға Қазақстан мен Қытай үкіметінің мүшелері, Алматы облысының басшылары мен шекара қызметінің лауазымды тұлғалары арнайы қатысты. Мұндағы мақсат - Қорғас халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығын сел шайып кету қаупінен сақтау. Сондай-ақ, шекаралас аудандардың суармалы алқаптарын кеңейту. Қуаныш Қанатұлының репортажы.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Қорас өзеніне салынатын бөгеттің ұзындығы - 534 метр, ал биіктігі 50 метр болады. Жиналған су екі елдің суармалы алқаптарын еселейді.

Панфилов ауданының шаруалары қазір жүгері өсіруге ден қойып отыр. Селден сақтану өз алдына бір мәселе болса, екіншіден, диқандардың да маңдай тері ақталатын болды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Хоргос өзенінің суына 11 мың гектар бүгінгі күнге осы жерде, халықта қолданыста бар.

2015 және 2016 жылдары Қорғас халықаралық ынтымақтастық орталығында су тасып, төтенше жағдай болған. Шығын көлемі 2,5 млрд теңгеге жеткен еді. Жаңа бөгет осындай айтып келмес апаттардың алдын алады.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Қорғас өзенінің жоғарғы жағында мореналық көлдер өте көп. Қазақстанның да, Қытайдың да тауларында 3 млн текше метрге баратын көлдер бар. Жауын-шашынды күндері осы көлдердің арнасы толып, төменгі ауылдарға қауіп төнеді. Біз осы сулардың көлемін азайту бағытында жұмыс істеп келеміз. Мына бөгет сол жұмыстардың нәтижесі.

Бөгет салудың салтанатты рәсіміне көрші елден су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы мен халықаралық қатынастар министрліктерінің өкілдері қатысты. Бөгеттің жалпы құны - 12 млрд теңге. Екі мемлекет бұл соманы тең бөліп төлейді.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу