Қазақстандағы қорықтардың бүгінгі жайы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы қорықтардың бүгінгі жайы

20.04.2019

«Адамзат атом апатынан аман қалуы мүмкін, алайда өз қоқысына өзі батып өледі»,-деген екен бір данышпан. Айтқаны келді. Біз табиғатты қорғайық, аң мен құс әркімнің ермегі үшін атылмасын, ауа, су, топырақты тоздырмайық деп дабыл қаққалы біраз болды. Бірақ қазір әлемде қорқынышты құбылыс басталды. Аң-құс, балықтар адамдармен бірге бір ғаламшарда өмір сүргісі келмейтінін, бізден әбден көңілдері қалғанын дәлелдеуге тырысып жатқандай. Мәселен, Жаңа Зеландияда 2017 жылы бір аптада 700 қара делфин жағалаудан табылды. Толқын айдап әкелген жоқ, өздері жағаға жүзіп келіп, құрғаққа шығып қалған. Еріктілер салмағы 800 келі тартатын делфиндердің басына су құйып тәуліктеп тырысып, 200-ін теңізге апарып үлгерді. Ең өкініштісі, кей делфиндер қайтадан қайраңға шығып, сусыз тұншығып өлуге тырысқан. Мұны болдырмау үшін еріктілер жағалауды күн-түн демей күзетіп жүрді. Көкейде бір сұрақ, неге балықтардың ішіндегі ең ақылдысы делінген делфиндер мұндай қадамға барды? Ғалымдар «бұл құбылыс тіршілік иелерінің адамның қыспағына шыдамай өмірден баз кешкені», - деді.

Айтса айтқандай, қазір Тынық мұхитында екі қоқыс аралы бар. Жалпы аумағы 15 миллион шаршы шақырым. Күніне мұхитқа адамдар 8 миллион тонна қалдық тастайды екен. Салдарынан жылына сол қоқыстарды тамақ деп жұтқан миллион құс пен 100 мың сүтқоректі өледі. Бұл - өз өмірі үшін жанталасқан адамның өзгелерге жасаған қастандығы. Мынаны қараңыз, Үндістанның Джатинга дейтін ауылында қыркүйек айында, таң алакеуімде құстар жерге құлап, болмаса мынадай шыны терезелерге қарсы ұшып, соғылып өледі. Өз еріктерімен. Ғалымдар мұны тіршілік ортасына аяусыз араласқан адамдарға құстардың көрсеткен қарсылығы деп таныды. Ақылы бар делінген адамға табиғаттың таусылып бара жатқанын өз өлімімен ұқтыруға тырысқан құстарды біз түсіндік пе? Жоқ. Үндістандағы сол Джатингаға жыл сайын мыңдаған адам барады. Құстардың өз-өзін өлтіргенін тамашалау үшін. Өкінішті. Ересектер ессіз болғасын, қоршаған ортаның қорғауға зәру екенін 16 жасар Швециялық қыз Гретта Тунберг айдай әлемге жеткізуге тырысты. Ол әр жұма күні Стокгольмдегі парламент ғимаратының алдына барып жалғыз өзі қарсылық акциясын жасап жүрді. Қолына «Сіздер балаларды жақсы көремін дейсіздер, олай болса, неге біздің бақытты болашағымызды ұрлайсыздар?» деп, үндеу де жазып алып шықты. Арада ай өткенде Греттаға 400 мың жас жеткіншек қосылды. Тіпті Германия канцлері Ангела Меркельдің өзі «Біз ертеңгі ұрпаққа қандай әлем қалдырамыз?» деп шынашақтай қызға қолдау білдірді. Қазір бейресми экологиялық қозғалыс құрылып, Гретта бастаған топ БҰҰ өз ұсыныстарын дайындауда. Ал Швеция парламентінің депутаттары 16 жасар Гретта Тунбергті Нобель сыйлығына ұсынды. Міне, қоршаған ортаға деген қамқорлық, табиғат үшін табандылық осылай болады. Өйткені бұл әлем бұзылса, бәріміз жоқ боламыз. Қолымызды мезгілінен кеш сермемеу үшін қазірден бастауымыз керек. Қазақстанда 10 қорық бар, табиғатты табан асты қылмауға шақыратын. Ол жақтағы ахуалды Назым Қайрат көріп қайтты.

Хабарламаларға жазылу