Мөлшерден тыс жүк тиеген көліктер жолдардың тез бұзылуына әсер етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мөлшерден тыс жүк тиеген көліктер жолдардың тез бұзылуына әсер етеді

19.04.2019

«Мөлшерден тыс жүк тиеген көліктер жолдардың тез бұзылуына әсер етеді». Ақтөбелік көліктік бақылау инспекциясының мамандары осылай де дабыл қағып отыр. Тек жыл басынан бері осындай ереже бұзған 460 көлік иесі жауапкершілікке тартылған. Мамандар, әсіресе, қытайдан шығатын жүк көліктерінің зардабы көп екенін айтады. Жақсыбек Кемалдың материалы.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл маңайдан істен шыққан мынадай көлікдоңғалақтарын көп көресіз. Жолдың тозғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мамандар әсіресе, ауыр көліктердің шамадан тыс жүк алып жүруі жол жағдайын одан сайын нашарлатып отырғанын айтады.

Тақтайдай тегіс тас жолдарды көбіне құрылыста жұмыс істейтін қытайлық және өзге де шет елдерде шығарылған жүк көліктері бұзады екен. Өйткені, олармен біздің елде үйреншікті болған «Камаздардан» да артық жүк тасуға болады.Әсіресе, кен орындарынан құм тиеген машиналар тиісті талапты ескермейді. Соның кесірінен жолдар бұзылып, бейнетін қарапайым жолаушылар көреді.

Бағдат Насыров, Алға ауданының тұрғыны:

Тесік-тесік енді. Көліктің доңғалақтары жарылып, әр жерде жарылып жатыр.

Тура осындай себептен, жүк көлігін тізгіндегендер Ақтөбе-Шалқар бағытындағы бұл жолдан мүмкіндігінше  айналып өтуге тырысады.

Нұрхан Жарылқасынұлы, жүк көлігінің жүргізушісі:

Салмақты артығымен тиесе, сол мекемеге штраф келеді. Ия, қытайдың «КамАЗ»-дары тиейді, рас енді. Олар көбіне тиейді. Солар шығар бүлдіретін. Ал, біздірдікі мынадай жәй «КамАЗ»-дар, ондай артық салмақты тиемейміз біздер.

Жыл басынан бері ереже бұзған жүк көліктерінің иелеріне 25 миллион теңге айыппұл салынған.Көліктік бақылау инспекциясының өкілдері ауыр салмақтағы жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды одан әрі күшейтпек.

Ерұлан Құрманиязов, облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

Жүк көліктерінің рұқсат етілген салмағы әр түрлі. Мәселен, 30 тонна, одан көп рұқсат етілгендері де бар. Оны көлікті шығарған зауыт белгілейді. Мұндай машиналар тек кен орындарында жұмыс істеуге арналған. Ал, бізде жолдарда жүреді. Қытайдан шыққан көліктердің өз  салмағы 15 тонна. Үстіне 25 тонна жүк тией алады. Мұндай салмақтың жолға қандай залал келтіретінін ойлай беріңіз.

Қазір облыс жолдарында 3 жылжымалы бақылау бекеті жұмыс істейді. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері  жалпы ұзындығы 7 мың шақырым болатын жолды бақылайды. Алайда, маман жетіспеушілігі сезіліп отыр. Сондықтан, тұрғындардан ереже бұзған жүк көліктерін көрген жағдайда суретке түсіріп, мәліметтерді комитеттің ситуациялық орталығына жіберуді сұрайды.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу