«Бейнеу-Жезқазған» теміржолы Қызылорда облысының Арал ауданы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бейнеу-Жезқазған» теміржолы Қызылорда облысының Арал ауданы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

17.04.2019

Еуропамен алыс-берісті ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырған «Бейнеу-Жезқазған» теміржолы Қызылорда облысының Арал ауданы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сексеуіл кенті ірі логистикалық орталыққа айналды. Мамандардың айтуынша, жаңа жолдың арқасында жылына 21 миллион тонна тауар өтеді. Жолаушылар үшін де бұл теміржолдың маңызы зор. Енді осы өңірдегі тілшіміз Ақерке Берікбекқызының бейнематериалын көрейік. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Бұл темір жол еліміздің батысы мен шығысын байланыстырады. Каспий арқылы Кавказ бен Еуропаға жол ашады. Қазақстанның орталық өңірінен жөнелтілетін жүктің Батысқа, онан әрі Еуропаға жетуін қамтамасыз етеді. Тасымал қашықтығы 1200 шақырымға қысқарды. Бұрын Қытайдан шыққан жүк Ақтауға 50 күнде жеткізілсе, қазір 16 күн ғана қажет.

Сапарғали Сағынбаев, Сексеуіл станциясының бастығы:

Бұрын Солтүстік Қазақстанмен айналып өтетін еді. Қазір енді Батыс пен шығысты, оңтүстікті тура жалғастырып тұр қазіргі таңда 2256 жүк пойызы қазір қатынап отыр. Және де аптасына 5 рет жолаушылар тасымалдайтын пойыз қатынап отыр.

«Жезқазған-Бейнеу» теміржолының жалпы ұзындығы 988 шақырым болса, соның 547 шақырымы Жезқазған мен Сексеуіл арасын жалғайды. Яғни, жол бойындағы 13 станцияның 7-уі, 30 бекеттің -18-і Қызылордаға тиесілі. Қазір осы жол арқылы облыс халқы Елордаға да тез барады.    

Ранайкүл  Мәштаева, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

Қызылорда арқылы, Ақтөбе арқылы жолдан түсіп, келесі пойыздарға мініп баратын тұғын. Қазір Қызылордадан мінген халқымыз Елордаға барады. Жезқазғанға барады, қазір пойыз Жезқазғанда тұрмайды, әрі қарай Елордаға жол тартады. 

«Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы   ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық  әлеуетін еселеуде.    Құлазыған далаға жан бітіп, Сексеуілде тіршілік түледі. Мектеп, балабақша, емхана   салынып, халық игілігіне берілді. Жұмысшылардың  әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында  38  тұрғын үй салынды.

Гүлнұр Тұрсынбаева, тұрғын:

Темір жол саласында жұмыс жасаймын. Жолдасым да темір жол саласында жұмыс істейді. Осы Бейнеу-Жезқазған темір жолы ашылғалы үкімет үй беріп, 4 бөлмелі, барлық мүмкіндіктер бар ішінде. Су келіп тұр, жылы су, барлығы ішінде, жағдай жақсы жасалған. Екі бөпеміз бар. Жанымызда балабақша бар.

Географиялық жағынан тиімді, тоғыз жолдың торабында орналасқан  Қызылорда үшін бұл үлкен бір мүмкіндік. Шығыс пен батысты байланыстыратын шойын жол экспорттық өрісті кеңейтті,  алыс-берісті арттырып, барыс-келісті көбейтті. Ең бастысы  әлеуметтің әлеуетін еселеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу