Шардара ГЭС-і  жаңартылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара ГЭС-і  жаңартылуда

17.04.2019

Түркістан облысындағы Шардара су электр станциясын жаңғырту жұмыстарының  келесі кезеңі басталды.  Әбден тозығы жеткен тоқ өндіретін 4 генератордың  екеуі жаңартылды. Олар бір ай бойына сынақтан өткізіліп, қазір қалыпты  режимде жұмыс істеп тұр.

Жалпы, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған өңірді қуат көзімен қамтамасыз етуде және су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруда үлкен маңызға ие. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде, енді Шардара станциясында жылына 57 миллион килловатт қуат артық өндірілетін болады. Ал  энергияның тиімділігі 7 пайызға көбейгелі отыр. 

Жаңа генератордың артықшылығы көп. Әрбірі 31,5 мегаВатт қуат өндіруге қауқарлы. Бұрынғыдан 6-7 мегаВатқа көп. Ең бастысы ескі генераторға қарағанда екі есе ұзақ жұмыс істейді. Станцияның апатты жағдайда тоқтап қалу қауіпін азайтады. 

Жалпы саны стансаға осындай 4 қондырғы орнатылады. Қазір жұмысшылар қуат өндіретін үшінші ескі гидрогенераторды бұзып, бөлшектеп жатыр. Бекітілген кестеге сай, бұл уақытта осыған дейін іске қосылғандары жұмыс істеп тұрады.

Нұрлан Аманов, өндірістік техникалық бөлімнің басшысы:

Бір лопосымыз артық, одан кейін камераның көлемі үлкен. Бұрын 5 метр болса, ендігісі 5 метр 30 сантиметр болды. Одан кейін, стартер, обмоткаларымыз өзгерді. Барлық жүйе автоматтандырылған. Жаңарған соң КПД-мыз жоғарылады.

Шардара су электр станциясы - еліміздің Оңтүстігіндегі ток өндіріп қана қоймай оны тұтынуға дайын етіп, әрі қарай тарататын бірден бір орын. Мұнан бөлек, су қоймасы ирригацияны реттеп, су тасқынының алдын алады. Түркістан облысы жылда 4 миллиард  килловатт сағатқа дейін электр энергиясын тұтынады. Станция бүгінге дейін соның оннан бірін өндіріп, қажеттілікті өтеп келді.

Бақытбек Жаңабаев, Шардара ГЭС-інің басқарма төрағасы:

Түркістан облысы қажеттілігінің модернизацияға дейін 9 пайызын өндіріп келген. Жаңғырту жұмысы біткеннен соң 15-17 пайызын қамтамасыз етеді.

Қайта жабдықтау ісіне 38 миллиард теңге бөлінген. Оның 32 пайызы стансаның өз қаржысы, қалғаны несиеге алынған  ақша. Шетелдік жаңа қондырғылардың Шардараға  түгелге жуығы әкелінді. Жаңғырту жұмыстары келер жылы ақпан айының соңында толығымен аяқталмақ.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу