Ақпараттық қауіпсіздік — басты назарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақпараттық қауіпсіздік — басты назарда

12.04.2019

Қазақстан технологиялық компьютерлерге кибер шабуыл бойынша әлемдегі алғашқы 15 елдің қатарына кіреді екен. Бұл ақпарат бүгін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі талқыланған конференцияда айтылды. Мәселен, былтыр елімізде жұмыс істеп тұрған аса маңызды ақпараттары бар, автоматты басқару жүйесіндегі компьютерлердің 36 пайызын хакерлер бұғаттап тастапты. Бұл - өте қауіпті көрсеткіш.

Түрлі сілтемелер жіберу арқылы жасалатын шабуылдарды есептесе, Қазақстан әлемде 1-орында тұр. Жылына 1 рет Қазақстанның әр жетінші тұрғынына осындай фишингтік хат келеді екен. Қылмыскерлер сілтеме арқылы сіздің құрылғыңызды бұғаттап тастайды. Оны ашу үшін ақша жіберуді талап етеді. Әйтпеген жағдайда жеке ақпараттарыңызды сізге қарсы пайдалануы мүмкін.

Евгений Питолин, «Касперский зертханасы» Орталық Азиядағы өңірлік кеңсесінің атқарушы директоры:

- Цифрландыру дамыған сайын оған шабуыл жасағысы келетіндер де көбейеді. Мәселен, бізге ғаламтор арқылы мемлекеттік қызмет алу жеңілдеген сайын хакерлер үшін оны бұзу мүмкіндігі арта түседі. Яғни, цифрландыру мен кибер қорғаныс қатар дамуы керек.

Андрей Громов, бағдарламалық қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздік маманы:

- Қазақстандағы көп компания қауіпсіздік үшін ақша шығындағысы келмейді. Ал, егер оларға кибер шабуыл жасалатын болса, сөз жоқ, барлық құпия ақпараттары мен қаржысынан айырылып қалу қаупі артады.

Ірі мекемелерге жасалатын шабуылдардың 52 пайызына қарапайым қызметкерлердің салғырттығы себеп екен. Мәселен, жұмыстағы компьютермен белгісіз сілтемені ашсаңыз болды. Осы жеткілікті. Арам пиғылдылар толық бір ұжымның ақпараттарын ақтаруға мүмкіндік алады.

Ал, қарапайым тұрғындардың қолындағы ұялы телефоны өзіне кесірін тигізуі мүмкін. Мәселен, әлеуметтік желілерге жеңіл құпия сөз қою, электронды пошта, месенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламаларды ашу. Бұл да сіздің жеке мәліметтеріңізге, тіпті банктік шоттарыңызға дейінгі жолды алаяқтарға ашып беруі мүмкін. Сондықтан мамандар электронды құрылғыларыңыздың құпия сөздерін жиі ауыстырып, күмәнді сайттарға кірмеуге кеңес береді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу